20 қыр, 2024 сағат 15:44

«Қоғамның маңызды бөлігі»: Әйелдердің құқықтарын қорғау мемлекеттің міндеті

Фото: ЖИ

Әйелдердің құқықтарының сақталмауы және бұзылуы әлемнің 150-астам елдерінде кездеседі. Ал ДДҰ мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел өмірінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Экономикалық тұрғыдан әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда 20 пайызға төмен. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, әлемде шамамен 130 миллион қыз бала білім алу құқығынан айырылған. Бұл мәселелер гендерлік теңсіздік, экономикалық дискриминация, зорлық-зомбылық және заңнамалық шектеулерден туындап отыр. 

Мысалы биыл бірнеше мемлекет, соның ішінде Австралия, Канада, Германия және Нидерланды Ауғанстанды әйелдердің құқықтарын бұзғаны үшін Халықаралық сотқа берді. Бұл елдер Ауғанстан әйелдерінің дискриминацияға ұшырағанын алға тартып,  БҰҰ Конвенциясын (CEDAW) бұзғанын атап көрсетті. Талибан билікке келгеннен кейін, әйелдер мен қыздардың құқықтары бұзылған. Олардың білім алуға, жұмыс істеуге және қоғамдық өмірге араласуға  мүмкіндіктері жоқ. Құқық қорғаушы ұйымдар мен халықаралық қауымдастықтар Талибанның әрекеттерін адамзатқа қарсы қылмыс деп тануға тырысып, олардың жауапкершілікке тартылуын талап етуде. 

Ал қазақ халқы қызды әрқашан ерекше бағалап, оған болашақ ана, әйел, отбасының ұйытқысы ретінде қараған. Қыздың тәрбиесіне ерекше мән берілген, оны сабырлы, инабатты, әдепті және білімді болуға баулыған. 

Қазақтардың қыз балаға деген құрметі мәдениетінің ажырамас бөлігі болып қала берді. Бұл әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің қазіргі уақытта сақталуы еліміз үшін маңызды. Мемлекет басшысы былтырғы халыққа Жолдауында бала мен әйел құқығын қорғау мәселесіне, оның ішінде отбасы және гендерлік саясатқа ерекше тоқталып өтті.

Қазақстан отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын 2030 жылға дейін бекітті. Осы құжат негізінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асып келеді. 

Біріншіден, соңғы уақытта елімізде әйелдер мен балаларға  қатысты ушығып кеткен зорлық-зомбылық тақырыбы шешімін тауып жатыр. 15 сәуірде қабылданған заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтті. Бұл заң тұрмыстық және отбасылық зорлық-зомбылық, сондай-ақ педофилия сияқты ауыр қылмыстарға жазаны қатайтуға бағытталған. Мысалы, жаңа заңға сәйкес денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендер 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Егер зорлық-зомбылық кәмелетке толмағандарға немесе қоғамдық қызметкерлерге қатысты жасалса, қылмыскерлер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Педофилияға қатысты қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Екіншіден, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар зардап шеккендерге уақытша баспана, психологиялық, медициналық көмек және заңгерлік кеңес ұсынады. Орталықтар үшін әйелдердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау басты мақсат. Кейбір дағдарыс орталықтары тәулік бойы қызмет көрсетіп, шұғыл көмек көрсету үшін арнайы сенім телефондарын қосқан. Бүгінде Қазақстанда 41 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оның 14-і мемлекеттік. 

Үшіншіден, Қазақстан БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Мысалы, БҰҰ-ның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған бағдарламалары арқылы ақпараттық-ағартушылық науқандар және заңнамалық реформалар жүргізіледі.

Төртіншіден, әйелдердің құқықтарын қорғауға арналған бірлестіктер мен қорлар жұмыс істейді. 

«Немолчи» қоры осы саладағы ең танымал ұйымдардың бірі. Қор әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық фактілерін ашық талқылап,  құқықтық көмек көрсетіп, сот процесстеріне қатысады. 

«Сана сезім» әйелдер бастамалар орталығы әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғап, олардың экономикалық жағдайын жақсартуға ат салысады. Сондай-ақ ада саудасына қарсы күрес, мигранттардың құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті сақтау бойынша да жұмыс атқарады. 

«Ақиқат» әйелдер қозғалысы. Бұл ұйым балалар мен әйелдерге құқықтық көмек көрсетумен айналысады. 
Қазақстанның дағдарыс орталықтарының одағы.  Бұл ұйым еліміздегі барлық дағдарыс орталықтарының жұмысын бақылаумен айналысады. Сондай-ақ әлеуметтік және психологиялық қызметтер көрсетеді.