«Қоғамдық денсаулық сақтау институты» жекеменшік мекемесі 2019 жылдың барысында іске асырылған әлеуметтік маңызды жобалар туралы жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі болып саналады. Сондықтан бұл салада тиімді басқару - мемлекетті дамытудағы маңызды міндет. Осы салада сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою - барынша тиімді шараларды қажет етеді. Бұл тұрғыда «Медицина және сыбайлас жемқорлық - үйлесімсіз» әлеуметтік-маңызды жобасын жүзеге асыру аясында Қоғамдық денсаулық сақтау институты Маңғыстау облысының тұрғындары арасында әлеуметтік маңызды жобаны іске асырды.
Атап айтқанда, мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын түсіндіре отырып, бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) және стационарлардың медициналық қызметкерлерімен семинарлар ұйымдастырылды.
«Бұдан бөлек, БМСК және стационарлардың пациенттерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Медицина және сыбайлас жемқорлық – үйлесімсіз» атты кең ауқымды акция өткізілді. Сонымен қатар, ең маңыздысы - тақырыптық ақпараттық-білім беру материалдарын көбейтуге айрықша мән берілді», - деп атап өтілген Қоғамдық денсаулық сақтау институтының мәліметінде.
Жалпы, бұл бағыттағы шараларға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің қатысумен тиісті шаралар ұйымдастырылды. Осы орайда аталған ведомствоның Маңғыстау облысы бойынша департаменті өкілінің қатысуымен жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын жариялай отырып, телехабар дайындалды.
Айта кетейік, ақпараттық компания басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін мониторинг жүргізу және нәтижелілік қорытындысын шығару арқылы сауалнама да жүргізілді.
«Бақылау жүргізу жұмыстарымен қатар, сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын кемшіліктерді жою негізгі шаралардың бірі болуы тиіс. Ол үшін транспаренттілік пен ашықтықты арттыру бойынша жүйелі ісшаралар жүргізудің маңыздылығы бар. Сондай-ақ халықпен байланыс қадамдарына ерекше екпін қойылуы керек», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау институты өкілдері.