Қоғамдық кеңестер жөніндегі заңнаманы жетілдіру аясында қоғамдық кеңестердегі мемлекеттік органдардың қатысуын 10 пайызға дейін қысқарту ұсынылуда. Бұл туралы Қоғамдық даму вице-министрі Абзал Нүкенов Париж қаласында (Франция) өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесінің пленарлық отырысында хабарлады.
Вице-министр Абзал Нүкенов өз сөзінде қоғамдық кеңестерді жетілдіру бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Ол қоғамдық кеңестер жөніндегі заң жобасы тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, ҚР Әділет министрлігіне енгізілгенін атады. Өзгерістер қоғамдық кеңес мүшелерін қалыптастыру, ротациялау, өкілеттіктерін тоқтату механизмдері және кеңес қызметін қаржылай, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болады.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңестерге мемлекеттік органдардың қатысуын 10 пайызға дейін қысқарту ұсынылуда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестерге қатысуы мүшелерінің жалпы санының үштен бір бөлігінен аспауы тиіс.
ЭЫДҰ сарапшылары өз кезегінде, Қазақстанда қоғамдық кеңестерді жетілдіру бойынша қабылданып жатқан іс-шараларға оң баға берді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс қоғамдық кеңестердің мақсаты мен міндеттеріне қатысты қоғамның оң пікірін қалыптастырады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы сұхбат алаңы ретінде қоғамның сенімін арттырады.
ЭЫДҚ отырысының негізгі мақсаты – сыбайлас-жемқорлыққа қарсы Стамбулдық іс-қимыл жоспарын талдаудың 4-ші кезеңі аясында Армения, Қырғызстан және Украинаның талдау есебін, сонымен қоса Әзірбайжан, Қазақстан, Грузия, Монғолия, Тәжікстан, Украина және Өзбекстан бойынша аралық есептерді талқылау және бекіту.