Коронавирус індеті кезінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің біріккен жұмысының арқасында құрылған қоғамдық бақылау ұйымы әлеуметтік шиеленістің алдын алды. Осындай ойымен Қоғамдық бақылаудың Алматыдағы үйлестірушісі Саида Тәукелева бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қоғамдық бақылау коронавирус індеті белең алған маусым- шілде айларындағы қоғамның ашық сауалдарына жауап алу қажеттілігінен туған.
Қалың көпшіліктің дәрі жетіспеушілігі, ауруханалардағы қиындықтар, орын тапшылығы туралы ашынған ойлары осы институттың құрылуына түрткі болды. Құрылғанына 1 айдан аса уақыт болған қоғамдық ұйым қазір Қазақстанның барлық қалаларында жұмыс істеп жатыр.
Әр қаладағы үйлестірушіде 4 мониторинг тобы жұмыс істейді. Олар дәріхана, медициналық мекеме, аурухана мен емхананы тексереді. Гуманитарлық көмектің тиісті орынға жетуін қадағалайды. Сонымен қатар, санитария талаптарының сақталуын бақылайды.
«Алматы ғана емес, аймақтарда да бірқатар құқықбұзушылық тіркелді. Үйлестірушілер жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, «СҚ Фармация» өкілдерімен байланыста. Егер, кез-келген ұйымның жұмысынан олқылық анықталса, ұйым басшыларымен әңгіме жүргізіледі. Біздің жұмысымызға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің өкілдері де белсене қатысады. Біз ең алдымен облыстық немесе қалалық денсаулық сақтау ұйымдарынан мәлімет аламыз. Сосын, сол тізіммен медициналық препараттардың жеткізілуін тексереміз», - деді Саида Тәукелева.
Оның пайымдауынша, қоғамдық бақылаудың құрылуы Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың дамуына тың серпін берді.
Мұнда қоғамдық ұйымдардағы барлық волонтерлік бірлестіктердің күші бір арнаға тоғысқан.
«Біздің арамызда лидер командасы, ұлттық волонтерлер желісі бар. Біздің басты міндетіміз - атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл жерде реттеуші органдар ҚР ДСМ мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін атап өту керек. Олардың қатысуымен көптеген органдарға кіріп, тексеруге мүмкіндік алдық. Сонымен қатар, материалдарды көпшілікке жария етуге мүмкіндік алдық. Үш жақтап істелген жұмыстың арқасында арада диалог бар. Әр рейдтен кейін біз акт толтырып, реттеуші орган немесе жергіліктіөзін өзібасқару органы арқылы олқылықты түзетуге күш жұмсаймыз», - деді ол.
Атқарылған жұмыстың оң ықпал бергені рас. Қазір бұрынғыдай дәріханаларға тізілген кезек жоқ. Ауруханалар мен емханалар дәрімен толық қамтылған. МӘМС тарапынан кепілдендірілген көмек беріліп жатыр.
«Менің ойымша, бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Аз уақытта қоғам мемлекетпен біріге отырып көпшілікке жария әрі ашық сұхбатқа қол жеткізді. Сонымен қатар, тексеру нәтижелері көпшіліктің назарында болғаны үлкен жеңіс деп ойлаймын», - деді С.Тәукелева.
Аз уақытта пәрменді күшке айналған қоғамдық бақылауға қазір еліміздің кез келген өңірінен тұрғындар жүгінеді.
«Қоғамдық бақылау халық пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ақпараттық көпір болып отыр десем артық емес. Біздің жұмысымыз жазалауды мақсат етпейді. Медицина қызметкерлері қандай қиындықты бастан кешіріп жатыр? Пациенттердің көкейкесті проблемалары неде? Осы сұрақтарға жауап іздейміз. Қоғамдық бақылаудың арқасында індеттің белең алған кезінде туындаған әлеуметтік шиеленіс өз шешімін тапты», - деді Саида Тәукелева.