16 қар, 2016 сағат 16:40

Қоғамды құндылықтар біріктіреді

Астанадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Тәуелсіздіктің  25 жылдығына орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен, «Қазақстандық бірегейлік, этносаралық келісім және қоғамдағы тіл мәдениетінің деңгейін арттыру» тақырыбында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын ілгерілетуге бағытталған дәріс өтті. Оған Парламент депутаттары, ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, ғылыми және шығармашылық зиялылар, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері, еріктілер қатысты.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, дәрістің мақсаты – қоғамдық келісім моделі мен жалпыұлттық бірліктің бірегей тәжірибесін насихаттау. Осы орайда, жиынға қатысушылар қазақстандық патриотизм арқылы этносаралық қатынастар мен Қазақстан халқының бірлігін одан әрі нығайтып, тәжірибе алмасуға бағытталған өзекті мәселелерді талқы таразысына салды.

Дәрістің ашылуында сөз алған «Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры» ҚҚ директоры Құрманбек Қазанбасов: «Тәуелсіз елдің, жалпы тәуелсіз адамның арман-мақсаты болады. Оны орындау үшін әрбір уақытын жоспарлайды. Біздің еліміздің саяси тұрғыда болсын, экономика жағынан болсын 25 жылда қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қазір Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған, әрқашан да мақтанатын Астанамыз бар», деді. Сондай-ақ, бұл дәрістің тақырыбы тегіннен-тегін таңдалып алынбағанын айтты. «Жалпы, «Мәңгілік Ел», оның ішінде «мәңгі» деген сөздің түп-төркініне терең үңілер болсақ, ол – жер, ол – Қазақстан мемлекетінің атауы, ол – көк Туымыз, тіліміз, діліміз, дәстүріміз. Ал оларды құрметтеп, мәңгі сақтайтын болсақ, жеріміздің, еліміздің дамуына үлес қоссақ, Қазақстан елінің де мәңгі болатынына сөз жоқ», деді Құрманбек Жұмағалиұлы.

Ал «Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің» АҚ басқарушы директоры Саясат Нұрбек: «Біз 3 жыл бұрын үлкен зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Мен ол кезде «Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық «Саясат» институтының директоры болған едім. Сол кезде біз Қазақстан қоғамының құндылықтарын жете зерттеп, зерделей бастадық», дей келе, осыдан 10-15 жыл бұрын елдердің дамуы, экономикалық өркендеуі, модернизация қабілеттілігі дәстүрлі ұғымдармен түсіндірілетінін, бірақ, кейін тереңдетілген зерттеулердің арқасында бұл ұғымдардың ауысқанын, олардың орнына басқа түсініктер пайда болғанын, қазіргі таңда институционалды экономикада үлкен төңкеріс, үлкен өзгеріс болып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол кез келген мемлекет экономикасының дамуына тек ресми институттар емес, құндылықтар да тікелей әсер ететінін айтты.

Бұл күні іс-шараға қатысқан азаматтар сонымен қатар, «Ұлттар арасындағы келісім – Тәуелсіз Қазақстанның ең басты жетістігі», «Жыраулық – патриоттыққа тәрбиелеу құралы», «Қазақстандық қоғамдық келісім моделі – Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында азаматтық пен патриотизмді қалыптастыру» деген тақырыптар бойынша сөз сөйледі.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»