30 шіл, 2020 сағат 08:00

Қоғам белсенділері праймеризге қатысуға ниет білдірді


Қоғам белсенділері Әлия Садырбаева мен Самат Нұртаза Nur Otan партиясының праймеризіне қатысатынын мәлімдеді.

Қоғам қайраткері, кәсіпкер, көпбалалы ана Әлия Садырбаева үш жыл бұрын Сенатқа кандидат ретінде қатысуға тырысқанын айтады. Оның ойынша, билікке араласып, жүйені іштен өзгерту қажет. Яғни, елді жегідей жеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте «антидене» болу керек. «Егер біз секілді белсенді, адал және әділ, сыбайлас жемқорлықтан ада адамдардың көпшілігі билікке келсе, онда біз бәрін өзгертеміз!», - дейді ол.

Қоғам белсендісі бүгінгі уақыт түбегейлі өзгерістерді қажет ететінін айтады. Сондықтан оған бейбіт, эволюциялық жолмен бару қажет деп есептейді.

«Біздің алдымызда жаңа оқиғаларға толы күз күтіп тұр. Біреу тұрақсыздықты күтеді, біреу қорқыныштан басқа бір жаққа кетуді қалайды. Мен ештеңе күтпеуді және ешқайда кетпеуді ұсынамын. Елде қалып, оны өзгертуге тырысуды ұсынамын», - дейді Ә.Садырбаева.

Қоғам белсендісі Nur Otan-ға келіп, партияға түбегейлі өзгерістер дайындап жатқан көптеген лайықты адамдардың бар екенін айтады.

«Nur Otan партиясын жақтаушылар лигасы» сияқты жаңа идеялар мен жобалар ұсынылып жатыр. Лига қазіргі саяси шындықта жұмыстың жаңа қағидаттарын енгізуге негіз болады. Мен онда ел тағдырына бейжай қарамайтын жандардың жиналып жатқанын көріп отырмын. Сондай-ақ елде катаклизмдер, шектен шығулар мен күйзелістерді қаламайтын көпбалалы ана ретінде олардың жүйені бейбіт, эволюциялық жолмен өзгерту идеясын толық қолдаймын. Біз тек осылай ғана елімізді сақтай аламыз!», - дейді ол.

Әлия Садырбаева сөз соңында көпшілікті Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау алдында жарияланған Nur Otan партиясының праймеризіне қатысуға шақырды.

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, танымал блогер Самат Нұртаза да Nur Otan партиясының алдағы өтетін праймеризіне қатысуға ниет білдірді.

«Біраз өмір көрдік. Жақсы-жаманды ажырата алатын жасқа да келген сияқтымыз. 30 жыл егемендігімізде «талай жетістікке жеттік» деп мақтанамыз, жеткеніміз де рас шығар. Бірак сол 30 жылдың ішінде халықтың ойы мен демократиясы ас үйдегі сыбыр сөзден аспай қалды. Сол халықтың ішінде жатқан хақ идеялар мен адал ойлардың сыртқа шығатын кезі келген сияқты», - дейді ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Оның айтуынша, елде өзгерістер болуын қалайтын жандар қатары аз емес. Сондықтан да ол өзгерістерді Мәжіліс пен Мәслихаттан бастау керек деп есептейді.

«Шыны керек Мәжіліс пен Маслихатқа халықтың қамын жейтін, халықтың сөзін сөйлейтін, «халқым маған сеніп, қарап отыр ғой» деп күнде уайымдайтын жастар келетін уақыт болды. Саяси өзгерістерді өзіміз жасамасақ, бізге біреу аспаннан келіп жасап бермейді», - деп атап өтті сарапшы.

Самат Нұртаза осы себепті де алдағы өтетін праймеризге қатысуға бел байлағанын айтады.