Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирус індеті кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі карантин іс-шараларын сақтай отырып, індеттің алдын алу мақсатында ел азаматтарын жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты талаптарды орындауға және дін қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуге шақырады.
Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізуге;
Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдарға бетперде тағуға, қол алысып амандаспауға;
Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізуге, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтаруға;
Зейнет жастағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспауға;
Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмауға;
Жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеуге;
Қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелуге;
Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. Құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтату ұсынылған.