05 қаң, 2018 сағат 17:18

ҚМДБ Ризабек Батталұлының «уағызына» қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде Ризабек Батталұлының «әйелді жөнге салуға» қатысты уағызы кеңінен талқылануда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, əлеуметтік желіде тараған бейнежазба осыдан үш жыл бұрын түсірілген.

«Біріншіден, осы видео қазір қандай "қажеттіліктің" негізінде қайта жарияланып жатқанын өз басым түсінбедім.

Екіншіден, Ризабек Батталұлы осыған дейін имамдық қызметте болмаған. Ақпараттық-насихат  тобының мүшесі ретінде жамағат тарапынан түскен сауалға азаматтық көзқарасын білдірген. Бүгінде Алматыдағы «Нұр Мүбəрак» университетінде қызмет етіп жүрген Р.Батталұлын «имам» деп атау - тілшілер тарапынан кеткен қате ақпарат. Бұған жол бермеңіздер!

Үшіншіден, кез келген уағызшының шариғаттағы шетін, нәзік мəселені өз танымы мен табиғатына салып түсіндіруіне жол берілмейді. Бұл - жеңіл жауап бере салатын жағдай емес. Дінді адамдарға қорқытып емес, сүйіншілеп жеткізіңдер немесе сендердің араларыңдағы ең қайырлыларың - əйелдеріңе жақсы қарағандарың деген мағынада келетін хадистер халыққа көбірек насихатталуы тиіс», - деп жазды А.Қонарбайұлы өзінің жеке парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз айтудың тəртібіне қатысты арнайы ережені әзірлеуге кірісті. «Жағымсыз мінез көрсеткен жарымызға көркем түрде түсіндіру, оған насихат айту, шынайы жанашырлық сезіміңді жеткізу, төсекте жалғыз қалдыру, дәлелденген айыбы үшін уақытша сөйлемей қою, тағы басқа тəрбиенің əдеп шеңберіндегі амалдар қамшының соққысынан асып түсетін тəсілдер. Қиыны - қисық қабырғаны түзеймін деп оны сындырып алу. Əйелді күшпен бағындыру - шарасыздық, бəлкім əлсіздік. Р.Батталұлының сөзін қоғам қабылдамай жатса - бұл табиғи құбылыс.

Төртіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз айтудың əдебі мен тəртібіне қатысты арнайы Ереженің жобасын əзірлеуде. Тəртіп Ережесі уағыз айтудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді», - деп атап көрсетті А.Қонарбайұлы.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада «Нұр Мүбəрак» университетінің қызметкері Ризабек Батталұлы шариғат бойынша әйелді жөнге салудың үш жолын түсіндіреді. Оның айтуынша, алдымен насихат айту керек. Одан кейін бөлек жатып, жөнге салып көруге болады. Оған көнбесе, ұруға болады. Осы орайда, Р.Батталұлы қазақтың төрінде ілініп тұратын қамшыны үшінші тәсілді еске салатын құрал ретінде қарастыру қажет деп санайды.

Осыдан екі жыл бұрын Р.Батталұлының осы мәселеге қатысты тағы бір бейнежазбасы жарияланған болатын. Сол жерде ол үш тәсілді тәптіштеп айтып шыққан.