Фото: Allday.ru
Қазақстан Медиа Альянсы шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеуді заңнамалық тұрғыда реттеуге қатысты мәлімдеме жасады.
"Кейінгі уақытта Қазақстанда шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеуді заңнамалық тұрғыда реттеуге қатысты түрлі пікір айтылып, оны резонанстық тақырыпқа дейін жеткізу әрекеті байқалып отыр. Қазақстан Медиа Альянсы өз тарапынан бұл жағдайдан қандай да бір астар іздеу орынсыз деп санайды. Шетелдік БАҚ-тың қызметі жайлы талаптың заңнама тұрғысынан қаралып отырғаны - әлемдік тәжірибе. Кез келген елдің ақпараттық қауіпсіздігі жолындағы жасайтын процедурасы.
Қазіргі уақытта елімізде әлемнің 15 елінен шетелдік 39 БАҚ аккредиттеуден өтіп, олардың 160 журналисі қызмет етіп отыр. Бұл дегеніміз - Қазақстанда шетелдік БАҚ-тың жұмыс істеуіне қандай да бір шектеу жоқтығының бірден-бір көрінісі.
Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік БАҚ-ты тіркеуде алдын ала хабарлау механизмі ғана қолданылып келеді. Көп жағдайда шетелдік журналистер тарапынан Қазақстан заңнамасын бұзу жағдайлары жиі кездесіп тұратынын да айта кеткен жөн. Ал әлемдік тәжірибеге қарар болсақ, егер шетелдік БАҚ өкілдері жергілікті заңнаманы бұзған жағдайда тіпті акредитацияны қайтарып алу механизмі бар. Мәселен, АҚШ пен Түркияда аккредитацияны қайтарып алумен қатар, сол елде журналистік қызметті жалғастыруға тыйым бар. Әр ел өзінің заңнамасында шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін реттеу нормаларын әлдеқайда қарастырған" - делінген мәлімдеме мәтінінде.
Сондай-ақ Қазақстан Медиа Альянсы өкілдері шетелдік БАҚ өкілдерінің өзге елде қызметін жүргізу үшін тіркеуге алу кең таралған әлемдік тәжірибе екенін де атап өткен.
"Басқасын айтпағанда, әлемнің озық елдері АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Сингапур, Малазия сынды елдерде де осы тәжірибе заң жүзінде бекітіліп, қолданылып келеді, ал шетелдік БАҚ өкілдеріне әр елдің қояр талабы қатаң.
Ал енді Қазақстанда тіркеуге алынбаған шетелдік БАҚ өкілдерінің жұмысын заң жүзінде реттеу осы әлемдік тәжірибеге сай жасалып отырған қалыпты жағдай. Қазақстан Медиа Альянсы тіркеуге алынбаған шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін заңнамада реттеуден қандайда бір теріс әрекет не шектеу көру әлемдік тәжірибеден хабарсыздық деп ойлаймыз" - делінген мәлімдемеде.