Катар елінде футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін финалда Германияның «Бавария» және Мексиканың «УАНЛ Тигрес» командалары кездесті. Ойын барысы тартысты өрбіді. Неміс футболшылары тізгінді өз қолында ұстауға тырысты.
Бірінші кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңнің 59-минутында «Бавария» ойыншысы Бенжамен Павар ашық қалған қақпаға допты тура бағыттады. Кездесуде неміс клубы 1:0 есебімен басым түсті.
«Бавария» бұдан бұрын мұндай жетістікке 2013 жылы қол жеткізді. Ол жолы финалда Марокконың «Раджа» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Үшінші орын үшін сайыста Египеттің «Аль Ахли» және Бразилияның «Палмейрас» командалары негізгі және қосымша кезеңде 0:0 есебімен тең аяқталды. Пенальтиде египеттік футболшылар 3:2 есебімен басым түсті.
Аталған доп додасы 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 16 мәрте ұйымдастырылды. Чемпиондық атаққа Испанияның «Реал Мадрид» 4, «Барселона» 3, Бразилияның «Коринтианс» 2, «Интернасьонал», «Сан-Паулу», Англияның «Ливерпуль», «Манчестер Юнайтед», Италияның «Милан» «Интер» және Германияның «Бавария» командалары ие болды.
2019 жылы «Ливерпуль» командасы жеңімпаз атанған болатын. Өткен жылы доп додасы коронавирус инфекциясына байланысты өткізілмей, биылға ауыстырылған болатын.
2021 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионаты Жапонияда желтоқсан айында өткізіледі деп жоспарланған.