Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кездесуінде сырт айдында Магнитогрскінің «Металлург» командасын жеңді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл - «Барыс» командасының биылғы құрлықтық хоккей лигасындағы тоғызыншы ойыны. Бұдан бұрын елордалық клуб Алматы қаласында өткен екі кездесуде де жеңіске жетті.
Алдымен Мәскеудің «Спартагын», одан кейін Челябінің «Тракторын» тізе бүктірді.
Бүгінгі кездесуде «Барыс» хоккейшілері өздеріне сенімді ойнады. Алғашқы болып есеп ашты. Елордалық хоккейші Джесси Блэкер 3-минутта өз командасын алға шығарды.
Екінші кезеңде айдын иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Сөйтіп, олар дегеніне жетті. Қарсыластар қатарынан 22-минутта Павел Дорофеев мергендік танытты.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері тағы да екі шайба соғып кетті. 50-минутта Никита Михайлис мергендігімен танылса, 51-минутта Роман Старченко қанжығасын майлады. Нәтижесінде бүгінгі кездесуде «Барыс» «Металлургтен» 3:1 есебімен басым түсті.
Осылайша, үшінші ойын қатарынан жеңіске жеткен «Барыс» турнир кестесінде 12-орыннан 9-орынға көтерілді.
Елордалық клуб енді 27 қыркүйекте сырт айдында Челябінің «Трактор» командасымен кездеседі. Одан кейінгі үш ойынды өз алаңында өткізеді. Алдымен Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен кездессе, одан кейін 3 қазанда Нижний Новгородтың «Торпедо», 6 қазанда Череповецтің «Северсталь» клубымен шеберлік байқасады.