17 нау, 2021 сағат 10:00

ҚХА Маңғыстауда ерекше фестиваль өткізді

Қазақстан халқы Ассамблеясы Наурыз мерекесіне орай, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Амал және Наурыз мерекелерін жаңа үлгіде тойлау дәстүрін қалыптастыру мақсатында Маңғыстауда алғаш рет «Mangystau Nauryz Fest-2021» фестивалін өткізді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «30 игі іс» акциясы аясында ұйымдастырылған мерекелік шарада «Жайлау күні» тақырыбы аясында Ақтау қаласындағы «Ақбота» саябағында сенбілік өтіп, 30 ағаш отырғызылды. Игі шараға Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» РЖҚ жастары атсалысты.

Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайылханованың айтуынша, аталған фестиваль аясында бір емес, бірнеше шара ұйымдастырылған.

«Mangystau Nauryz Fest-2021» фестивалін ұйымдастырудағы негізгі мақсат Наурызды дәстүрді сақтай отырып, жаңа үлгіде тойлау. Біз сондықтан да бір емес бірнеше шара ұйымдастырып қойдық. Оның ішінде ағащ отырғызу, Наурыз көже дайындау, этно бірлестіктердің мәдени күндері, ұлттық және спорттық шаралар сияқты түрлі шараларды қамдап отырмыз. Бұйырса, бұл мереке маңғыстаулықтардың көңілінен шығады деп үміттенеміз», - деді Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайылханова.

Сонымен қатар, халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайтуға, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау мақсатында  Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Мұнайлы ауданының теміржол вокзалында облыс тұрғындары мен қонақтарына тәттілер үлестірді. «Шымырлық пен шеберлік күні» аясында зейнет жасындағы егде адамдарға арналған таңғы жаттығу шарасы өтті. Үлкендер жағы осыдан кейін «Сенім» медициналық клиникасы қызметкерлері олардың қан қысымын өлшеді. Одан кейін ақ дастархан жайылып, әдемі әндер шырқалды.

«Бүгін бір қызық ерекше күн болды. Біз осындай мерекелік шаралар ұйымдастырылатынын естігенде қатты қуандық. Өйткені біз Кеңес кезінде Наурыз мейрамына тыйым салынып, тұншығып іштей үй-ішімідзе тойлаған күндерді көрген буын өкілдеріміз. Бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына сыйдырып, Наурыз меркесін көктемде дүркіретіп атап өтетін бейбіт күнге де жеттік. Бүгінгі шараның бәрі де ақылмен, парасатпен ойластырылыпты. Спортпен айналысып, медициналық, құқықтық кеңестер де алып үлгердік. Жаңа жылдың бастауы тек жақсылығымен келсін деп тілеймін», - деді маңғыстаулық тұрғын Рыскүл Даденова.

Маңғыстаудағы Наурыз мерекесі аясында Ақтау қаласының Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің құрылымдары мен құқықтары туралы, салықтық есептерді тапсыру жолдары және кірістер департаментіне тіркелу бойынша құқықтық кеңес беру құқықтық кеңес беру мақсатында отырыс өтті. Оған Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының, Маңғыстау облысы бойынша кірістер департаментінің және әділет басқармасының өкілдері, Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянс» басшысы, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, Аналар кеңесі мүшелері, Қоғамдық келісім кеңес мүшелері және ЗТБ Қәсіпкерлер қоғамдастығы қатысты.

Ал Наурыз мерекесі қарсаңында Достық үйінде наурыз көжені дайындау бойынша мастер-классты Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайылханова көрсетті. Аталған іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» РМД мүшелері және Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Ирина Беляева қатысты. Іс-шара аяқталғаннан кейін қонақтар наурыз көжеден және ыстық бауырсақтан дәм татты.

«Наурыз мерекесінің басты тағамы Наурыз көже екенін белгілі. Біз барлық жиынлаған қауымға жететіндей мол көже дайындадық. Бұл тағамды бір жыл бойы сағына, аңсай күтеміз ғой. Кһженің дәмі, ыстық бауырсақ бәрі де фестивальге келушілерге қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Тіпті өзім ұйымдастырушы болсам да Наурыз көжені ынтыға ішіп, көпшіліктің ішінде болдым. Бұл біз үшін ерекше мейрам», - деді «Жаңғыру жолы» РМД мүшелері және Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Ирина Беляева.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы Наурыз мерекесіне орай, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Амал және Наурыз мерекелерін жаңа үлгіде тойлау дәстүрін қалыптастыру мақсатында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «30 игі іс» акциясы аясында Маңғыстауда алғаш рет «Mangystau Nauryz Fest-2021» фестивалін өткізді.