18 қаз, 2018 сағат 14:13

Ким Ки Дук Қазақстанда фильм түсірмек

Оңтүстік Кореяның әйгілі режиссері Ким Ки Дук Қазақстанда фильм түсіретін болды. Бұл туралы қазақстандық режиссер Ақан Сатаев айтты.

«І Халықаралық Almaty Film Festival өзінің жемісін беріп жатыр. Бүкіл әлемге әйгілі Оңтүстік Кореяның режиссері Ким Ки Дук Алматыға тағы келді. Оның басты мақсаты - Қазақстанда жаңа фильм түсіру. Мен мақтанышпен @astanafilmfund осы жобаға қатысушы болғанын айтқым келеді», - деп жазады Ақан Сатаев өз парақшасында.

Қазақстандық режиссердің хабарлауынша, кеше ол кореялық режиссермен кездесу өткізіп, түсірілім процесі, актерларды таңдау жұмысын талқылаған.

«Айта кетерлігі, фильм қазақстан ретінде таныстырылады. Барлық түсірілім жұмыстары Алматыда біздің актерлардың қатысуымен өтеді. Картина Қазақстан мен ТМД елдеріндегі прокат үшін орыс тілінде түсіріледі. Халықаралық көрермендердің көңілінен шығар фильм болады деген үміттемін», - дейді Ақан Сатаев.

Айта кетсек, Ким Ки Дук әйгілі «Пьета» трилерімен Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстан» сыйлығын алған, Сан-Себастьяндағы Халықаралық кинофестивальде топ жарған,  Брюссель Халықаралық фантастикалық фильмдер фестивалінде «Алтын Қарға» сыйлығына ие болған режиссер. «Жабайы жануарлар», «Құс торы» отелі», «Шынайы өтірік», «Ариран» фильмдері әлемнің бірқатар тілдеріне аударылып, көрерменнің зор ықыласына ие болған.

ҚазАқпарат