Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Аспан асты еліне сапарлап барды. Ким Чен Ынның алдын ала жарияланбаған сапары туралы 7 қаңтар күні кешке қытайлық және солтүстіккореялық ресми БАҚ хабарлады.
Америкалық сарапшылар Ким Чен Ын Қытайға АҚШ президенті Дональд Трамппен ықтимал кездесуі қарсаңында Пхеньян мен Пекиннің іс-қимылын үйлестіріп алу мақсатымен барған болжайды. Дональд Трамп өткен аптада Ким Чен Ыннан хат алғанын, ал 6 қаңтар күні АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының ықтимал кездесуі өтетін орынды талқылап жатқанын хабарлаған. Трамп "Екі жақ та кездесуді қалап отыр. Бұдан не шығатынын көреміз" деген.
Ким Чен Ын былтыр Пекинге үш рет, оның ішінде шілдеде Сингапурде АҚШ-Солтүстік Корея басшыларының саммиті қарсаңында және одан кейін барған. Дональд Трамп пен Ким Чен Ын ол саммитте Корей түбегін ядролық қарудан толық арылтуға дайын екендерін мәлімдеген. Алайда, бұл бағытта әлі ешқандай қадам жасалған жоқ.