04 мау, 2021 сағат 01:45

Хоккейден ӘЧ: Жартылай финалға шыққан барлық құрама анықталды


Шайбалы хоккейден Әлем чемпионатының элиталық дивизионы жартылай финалына жолдама алған төрт құрама анықталды, деп хабарлайды "Ұлт

Еске салсақ, бұдан бұрын жартылай финалға АҚШ пен Германия құрамалары жолдама алған болатын. Ширек финалда АҚШ Словакияны 6:1 есебімен тас-талқан етіп жеңсе, Германия Швейцарияны буллитен 3:2 есебімен тізе бүктірді. 

Ширек финалдағы тағы бір кездесуде Ресей мен Канада құрамалары мұз айдынға шықты. Аталған ойында алдымен ресейліктер қатарынан Евгений Тимкин 34-минутта есеп ашса, 45-минутта канадалық Адам Хенрик таразы басын теңестіріп кетті. Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда канадалық құрама сапынан Эндрю Манджапане мергендік танытып, өз құрамасына жеңіс сыйлады.

Ал тағы бір кездесуде Финляндия мен Чехия құрамалары күш сынасты. Аталған ойында Ере Иннала соққан жалғыз шайба финляндиялық хоккейшілерге жеңіс сыйлады. Қарсыласынан 1:0 басым түскен финлянлиялық құрама жартылай финалға шықты.

Енді жартылай финал ойындары 5 маусым күні өткізіледі. Бұл күні АҚШ пен Германия, Канада мен Финляндия құрамалары кездеседі. 

Айта кетерлігі, жартылай финалда сынға түсетін құрамалардың барлығы Қазақстан құрамасы ойын көрсеткен В тобында өзара шеберілк байқасқан еді. Олардың арасында қазақстандық хоккейшілер АҚШ-қа 0:3, Канадаға 2:4 есебімен жол берсе, Финляндияны буллиттен 3:2, Германияны негізгі кезеңде 2:1 есебімен жеңді.

Еске салсақ, биыл аталған сында Қазақстан құрамасы ел намысын қорғады. Олар барлығы 10 ұпай жинап, турнир бесінші орынды қанағат тұтыты. Осылайша плей-офф кезеңіне шығудан тыс қалды.

Айта кетейік, әлем чемпионаты Латвия астанасы Рига қаласында 23 мамырда басталды. Ол 6 маусымда аяқталады.