05 ақп, 2021 сағат 17:50

Хоккей: «Барыс» плей-офф кезеңіне жолдама алды

Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін, 5 ақпанда Ресейде «Cибирь» (Новосібір) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Плей-офф кезеңі жақындап келеді. Командалар оған шығуға күш салып отыр. «Барыс» та биыл солардың қатарына қосылуға ниет танытып жүрген жайы бар. Елордалық клуб соңғы бес кездесудің төртеуінде жеңіліп қалды. Бұл турнир кестесінде жоғары орынға көтерілуге едәуір кедергісін келтіретіні анық. 

Сондықтан «Барыс» бүгінгі кездесуде жинақы ойын көрсетуге тырысты. Алайда, алғашқы екі шайбаны айдын иелері соғып кетті. «Cибирь» сапынан Юрки Йокипакка 14, Виктор Комаров 23-минуттарда мергендігімен көзге түсті. 

Оған «Барыс» сапынан Максим Мусоров 24, Кирилл Панюков 46-минуттарда қос голмен жауап қайырды. Осылайша таразы басы теңесті. Ал 48-минутта Джесси Блэкер елордалық клубты алға шығарды. 

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Қазақстандық клуб плей-офф кезеңіне жолдама алды. 

Енді «Барыс» 7 ақпанда Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездеседі. Қазақстандық команда аталған қарсыласынан 3 ақпанда 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді.