19 жел, 2020 сағат 20:17

Хоккей: «Барыс» биыл «Куньлунь Ред Стар» клубын үшінші мәрте жеңді

Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен сырт айдында кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Турнир кестесінде қытайлық клуб төменгі орындарда келеді. Сондықтан олар үшін әрбір ұпайдың маңызы артып тұр. Бүгінгі ойында аталған команда жеңіске жетуге күш салатыны анық еді. 

Ойынның бірінші кезеңінде елордалық хоккейшілер тізгінді қолына алуға тырысты. Десе де «Куньлунь Ред Стар» клубы алғашқы шайбаны соғып кетті. Ойынның 17-минутында Хантер Шинкарук мергендік танытты. 

Бұдан кейін «Барыс» бірнеше қолайлы сәтті мүлт жіберіп алды. Екінші кезеңде таблодағы есеп өзгерген жоқ. 

Үшінші кезеңде елордалық клуб көптеген шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде 52-минутта «Барыстың» жас хоккейшісі Самат Данияр биылғы маусымдағы алғашқы шайбасын соқты. 

Негізгі кезеңде 1:1 есебі тіркелді. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Даррен Диц жеңіс шайбасын соқты. Осылайша елордалық клуб аталған қарсыласын биылғы маусымда үшінші мәрте тізе бүктірді. 

Енді «Барыс» 21 желтоқсанда Ресейде «Торпедо» (Нижний Новгород) командасымен кездеседі.