04 ақп, 2019 сағат 19:05

«Әзірет Сұлтан» мешіті өрттен опат болған 5 сәбидің ата-анасына көмек көрсетуге шақырды

«Әзірет Сұлтан» мешіті барша қазақстандықты өрт салдарынан қаза болған 5 сәбидің ата-анасына көмек көрсетуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін Астанада үлкен қайғылы оқиға болғанын барлықтарыңыз естіген шығарсыздар. Біз қайғылы жайтқа тап болған отбасына көмек көрсету үшін жедел топ құрдық. Қазір қайғылы оқиға болған жерде тұрмыз. Инстаграмда да топ құрдық және кімде-кім бұл отбасыға көмек бергісі келсе, Әзірет Сұлтан мешітінің үшінші қабатына келіп, Айдын есімді қызға жолығуды өтінеміз. Ол - осы бастаманың үйлестірушісі. Бейкүнә сәбилерді ақтық сапарға шығарып салайық», - деді Инстаграмда жарияланған видео материалда «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкері Мақсатбек қажы Қайырғалиев.

Айта кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын үй алабынан өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды.

Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді. Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.