Қазақстандық «Хассақ» ансамблі түріктің «Ұлы селжұқтар» сериалының музыкасын орындап, екі елдің шығармашылық байланысының тың тынысын ашып отыр. Түрік режиссері Емре Конюк этно-фольклорлық ансамбльдің бірнеше шығармасын тыңдап, топ мүшелерімен серіктесе жұмыс жүргізуге ниет білдірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Желіде тараған бұл ақпараттың ізімен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультетінің деканы, «Хассақ» ансамблінің жетекшісі Ержан Жаманкеевті әңгімеге тартып көрген едік. Топтың жетекшісі 2016 жылы «Аманат» атты бейнебаян шыққаннан кейін Қазақстанмен қатар, шет елдерде аудиториялары өсе бастағанын айтады.
«Әсіресе Түркияда тыңдармандарымыз арта түсті. Бізді ол жақта «Хассақ қашан келеді екен» деп күтіп жүргендер көп. Сол аудиториямыздың арқасында Түркиядағы музыканттар мен кинорежиссерлар да бізді тани бастады. Бұған дейін кинорежиссерлердің бірі «Аманат» композициясын тарихи сериалдардың біріне қолдансақ деп қолқа салған еді», - дейді телефон арқылы әңгімелескен Ержан Жаманкеев.
Оның айтуынша Түркиядағы қалың тыңдарманмен бірге кинорежиссерлер де, продюссерлер де қазақтың ұлттық ән-күйіне ерекше назар аудара бастаған. Киноларға музыка жазатын Кердар есімді музыкантпен бірігіп, «Хассақ» тобы селжұқтар туралы тарихи сериалға арнап бір музыканы жазған екен. Одан бөлек түрік режиссері екі альбомдағы тоғыз шығарманы алуды өтінген.
«Біз авторлық рұқсатты бердік. «Uyanys: buyuk selcuklu» («Ояну: ұлы селжұқтар») сериалы төрт жылдық жоба екен. Алдағы уақытта біз өзіміздің үшінші альбомымызды шығарамыз. Енді олар сол альбомдағы туындыларды сұрап отыр. Үшінші альбомымыздың алғашқы шығармасын жіберіп қойдық. Енді екеуін жолдаймыз», - дейді топ жетекшісі.
«Uyanys: buyuk selcuklu» сериалы селжұқтардың (түркі-оғыз әскерінің сол қанатын құраған қынық тайпасынан шыққан әулет) тарихынан сыр шертеді. Туындыда селжұқтардың соғысу тактикасы, түрік халқына әкелген жеңістері баяндалады.
«Біз «Хассақ» тобы күніне 10-11 сағатқа дейін дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Кейде түнге дейін отырып қаламыз. Алайда осы еңбектің жемісін көріп отырмыз деуге әбден негіз бар. Өнерге барыңмен берілсең – еңбегің ақталады. Кейбір шығармалар 6 репитициядан кейін дайын болуы мүмкін. Ең жылдам жазып шыққан шығармамыз – 3 репитицияда дайын болған туынды. Орта есеппен 10-11 репитициядан бір шығарма жарыққа шығады», - деген Ержан Жаманкеев топтың тарихы жайлы да айтып өтті.
Жалпы «Хассақ» тобы 2013 жылдың 1 ақпанында құрылған. Үш бейнебаян, 11-12 шығармадан тұратын екі таспасы бар. Топ құрамындағы өнерпаздар – бесаспаптар, яғни мультиинструменталистер. Бір шығарма ішінде топ мүшелері бірнеше аспапты ойнайды. Арасында қазақтың ұлттық 30 аспабына дейін ойнайтын музыканттар бар екен.
«Біз көбінесе шетелдеміз. 2019-2020 жылдары ғана Қазақстанның қалаларына шыға бастадық. Қытай мен Ресейден, Еуропа елдерінен көп шақырту түседі», - деп түйді Ержан Жаманкеев.