«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық-мұражайының қоры тағы да бір тарихи, аса құнды жәдігермен толықты.
Ол - болаттан жасалған қылыш. Қылыштың сақталу жағдайы орташа. Сүйектен жасалған тұтқа-сабының төменгі бөліктері сынған. Жүзі аздап тотыққан. Жүзінің бір жағы ғана өткірленген. Қылыштың жүзіндегі көптеген кертпе іздері оның әскери қақтығыстарды бастан кешіргендігін көрсетсе керек. Дегенмен, қылыштың жүзі әлі де өткірлігін жоймаған. Қайқыланған пішіндегі қылыштарды қазақта жатаған қылыш деп те атайды. Оның өткірленген жүзіне қарсы бетінің жарты түтік пішінді болып келуі, қылыштың әскери әрекеттерде қарсыласты тек шабу үшін ғана емес, түйреу мақсатына да арналғандығын аңғартып тұр. Жүзі мен сабының түйіскен жері жезбен көмкерілген.
Бұл қылышты бірегей жәдігерлер қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін өзгеше белгісі бар. Ол - қылыш сабының төменгі бөлігіндегі 1798 жылдан 1809 жылға дейін Қоқан хандығының ханы болған Алим Хан немесе Бұхара әмірлігінің соңғы билеушісі Сеид Мір Мұхаммед Алим ханның аты жазылған жеке мөр бедерінің түсірілуі болып отыр. Бұған дейін хандар ұстаған, тұтынған заттар қорық-мұражайда кездеспеген.
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақ тарихына қатысты мәлімет көзі саналатын мұндай жәдігерлер тарих ақтаңдақтарын айқындауға сеп болар тың жаңалықтарға қол жеткізуге мүмкіндік беруі бек мүмкін. Оның үстіне мұндай белгілі бір тарихи тұлғаның есімінің жәдігер бетінде кездесуі жәдігердің экспонат тұрғысындағы құндылығын арттыра түсетіні белгілі.
Болашақта аталмыш жәдігерге ғалымдарымыз тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізбек, деп хабарлайды "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің баспасөз қызметі.