«Nur Otan» партиясы жақтастарының zoom-конференцияға Алматы облысы Талдықорған қаласынан қатысқан блогер Дана Ерікқызы праймеризге елмен етене жақын жұмыс істей алатын, халық алдында беделді азаматтардың қатысқаны жөн деген пікірін білдірді.
Дана Ерікқызының айтуынша, елдің сенімінен шығу үшін шенеуніктердің сөзі жергілікті жерде өтімді болуы керек.
«Әрбір сөзін халыққа анық, ашық айтып, проблеманы жергілікті жерде: ауыл, аудан, қала, облыс деңгейінде шеше білетін әкімқаралар көп болуы тиіс. Қазір ел проблемасын әлеуметтік желі арқылы айтқанды жөн көреді. Себебі, жергілікті басқарушы органдардың жұмысына ел сенбейді. Жұмысы көңіл көншітпейді. Аудан, қала, ауыл аймақта шешімін таппаған мәселе әлеуеметтік желі арқылы басшыларға тез жетеді. Өйткені аймақтарда әкімнің қабылдауына барған адам оған проблемасын айтып, есігінен кіре алмайды. Сондықтан жергілікті шенеуніктер халықтың сенімінен шығуы үшін әлеуметтік желінің де жұмысын жан-жақты меңгеруі тиіс. Праймеризге қатысып, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізуге тырысамын», – дейді блогер.
Ол әлеуметтік желіде айтылған мәселе дер кезінде шешімін тапса, жергілікті шенеуніктер қарапайым ауыл, аудан тұрғындарының айтарына мән берсе деген өтінішін де айтты. Оның айтуынша, ауыл-аймақтың проблемасына жергілікті шенеуніктер назар аударса, халық наразылық танытып, көшеге шықпайды.