Халықаралық олимпиадалар рейтингі бойынша бейресми командалық жарыста Қазақстан үздік 30 елдің қатарына енген. Бұл туралы «Дарын» республикалық орталығы хабарлады.
«Пандемия бүкіл әлемдегі білім беру саласына айтарлықтай әсер етті. Білім беру мекемелері, мектеп оқушылары мен мұғалімдер оқытудың жаңа форматына бейімделуге мәжбүр болды. Осы жолда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық орталығы интеллектуалды іс-шараларды онлайн режимде қайта құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқыту бойынша әдістемелік ұсынымдар, сондай-ақ мектеп оқушыларының олимпиадаларға және басқа да интеллектуалды жарыстарға қатысу нұсқаулықтарын әзірледі», - деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ақжол Боранбай
Ақжол Боранбай «Дарын» орталығының іс-шараларына 1 миллионнан астам бала тартылғанын айтады.
«Биыл біздің мектеп оқушылары халықаралық аренада 67 алтын, 125 күміс және 195 қола медаль жеңіп алды. Олардың ішіндегі ең беделді конкурстардың, мысалы, Химиядан халықаралық олимпиада (IChO), Математикадан халықаралық олимпиада (IMO), Физикадан халықаралық олимпиада (IPhO), Биологиядан халықаралық олимпиада (IBO), Информатикадан халықаралық олимпиаданың (IOI) (өтпей қалған олимпиадалардан басқа) қорытындысы бойынша Қазақстан бейресми командалық жарыста үздік отыздыққа кірді», - дейді орталық басшысы.
Ақжол Боранбай пандемия кезінде цифрландыру саласы оқушыларды, соның ішінде шалғай ауылдардан келген балаларды интеллектуалды қызметпен көбірек қамтуға мүмкіндік бергенін жеткізді. Мысалы, биыл «Дарын» орталығы олимпиадаларға дайындалуға көмектесетін онлайн-мектеп ашқан. Онда 5-11 сынып оқушылары үйден шықпай-ақ үздік жаттықтырушылар мен мұғалімдерден білім алады.
«Сабақтарға 12 000-нан астам бала қатысты. Сонымен қатар, біз барлық балаларға онлайн олимпиадалар мен интеллектуалды жарыстарға қатысуға мүмкіндік бердік. Мұнда әркім өз білімін үйден шықпай-ақ, кезеңдік іріктеуден өтпей-ақ тексере алады. Шығармашыл балалар да өз таланттарын онлайн режимде көрсете алды, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін «Шексіз өмір» байқауы өткізілді», - деп толықтырды А.Боранбай.