Білім беру саласындағы қызметті нығайтып, педагогтың кәсіптік деңгейін көтеру үшін оқушылардың үздік оқуы, түрлі олимпиадаларға қатысуы қажетті. Оқушылардың республикалық олимпиадасы дарынды балаларды анықтау және дамыту, оқушылардың ғылыми білімге қызығушылығын арттырудың тиімді нысандарының бірі екені де бесенеден белгілі. Осы орайда биылғы жылғы Наурыздың 9-10 аралығында онлайн режимде Азия-Тынық мұхиты 33-ші Халықаралық математика олимпиадасы және «Жібек жолы» 20-шы Халықаралық математика олимпиадасы өтті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған Халықаралық олимпиадаларда Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушысы топ жарып, жүлдегер атанды.
Олимпиада қорытындысы бойынша «Білім – инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Арслан Даминов Азия-Тынық мұхиты 33-ші Халықаралық математика олимпиадасында үшінші орын және «Жібек жолы» 20-шы Халықаралық математика олимпиадасында екінші орын алды.
«Олимпиадаға қатысу үшін жылдар бойы математиканы үзлдік оқыдым. Халықаралық олимпиадада топ жару үшін көп еңбек ету қажет болды. Осы жетістікке жету жолымда бар күш-жігерін аямаған ата-анам мен ұстаздарыма алғыс білдіремін. Болашақта мықты математик болғым келеді. Қазірдің өзінде бірнеше джоғары оқу орнының грантын иелендім. Тек мектеп бітірген соң таңдаймын. Асқар Жұмаділдаев сияқты мықты математик болсам, арманым жоқ. сол үшін үнемі ізденіс үстіндемін», - деп қуанышын бөлісті жүлдегер оқушы.
Айта кетейік, түрлі деңгейдегі білім беру жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы Арслан Даминов Қазақстан-Британ техникалық университеті грантының иегері атанған.
«Арслан бізде кішкентайынан математикаға жүйрік. Соңғы екі жыл оқудың қашықтан болғанына, онлайн оқығанына қарамастан ол осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Оның арманы мықты математик болу. Қазір белгілі университеттердің өзінен оқушымызға сұраныс бар. оның болашақта мықты маман болып шығатынына сенеміз. Ең бастысы бала кезгі арманы алдамаса болды. Оның Халықаралық олимпиадаларда топ жарқаны өзі мен ата-анасының ғана емес, біздің ұстаздары мен сыныптастарының да мақтанышына айналды. Шәкіртімізге сәттілік тілейміз, әрқашан тақым қысып отырамыз», - дейді математикаға жүйрік оқушының ұстазы.
Аталған режимде Азия-Тынық мұхиты 33-ші Халықаралық математика олимпиадасы және «Жібек жолы» 20-шы Халықаралық математика олимпиадасына Қазақстаннан барлығы 150 оқушы қатысты. Оның ішінде Ақмола облысының намысын Көкшетау қаласындағы «Білім – инновация» лицей-интернатының оқушылары Мират Хамитов, Әлихан Мұқашев, Дидар Дәулетбай, Әділхан Алпысбай, Арслан Даминов және Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандырылған мектеп-интернатының оқушысы Дидар Қабылбек қорғады. Айта кетейік, аталған зияткерлік олимпиадаларды өткізудің негізгі идеясы – математика ғылымдары саласында дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау үшін жағдай жасау, сондай-ақ қатысушы елдер арасындағы халықаралық білім беру және ғылыми байланыстарды дамыту.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылғы наурыздың 9-10 аралығында онлайн режимде Азия-Тынық мұхиты 33-ші Халықаралық математика олимпиадасы және «Жібек жолы» 20-шы Халықаралық математика олимпиадасы өтті. Аталған Халықаралық олимпиадаларда Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушысы топ жарып, жүлдегер атанды.