Бүгін, яғни, 2 қараша күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында 5-25 жас аралығындағы өнерпаз жастар арасында І Халықаралық "AMANAT music" республикалық конкурс-фестивалі басталды. Аталған шара "Аманат" өнер орталығының құрылғанына 1 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
І Халықаралық "AMANAT music" атты конкурс-фестивалдің мақсаты – халқымыздың дәстүрлі өнерін дамыту, жас өнерпаздарымыздың өнердегі жұлдызын жағу, рухани кеңістікке жол ашу.
Халқымыздың бабадан келе жатқан ұлттық өнерін дамыту үшін өткен жылы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театры құрылған болатын. Осы театрдың іргетасы қалануымен бірге ұлттық өнерді жас ұрпақ бойына сіңіру, оларды дәстүрлі өнерге баулу мақсатында Сәуле Жанпейісованың жетекшілігімен «Аманат» өнер орталығы ашылған еді.
Осы фестиваль аясында 2 қараша күні, сағат 19.00-де «Алатауды жаңғыртты домбыра мен қомузым» атты Қазақстан және Қырғызстан дәстүрлі өнер шеберлерінің концерті өтеді. Бұл тамыры тереңнен тартқан екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мен қазақ-қырғыз өнерін насихаттау мақсатындағы бұрын-соңды болмаған жоба. Концерт барысында екі ел өнерпаздары арасында ақындар айтысы, ән айтыс, күй тартыс және би жарысы болады.
4 қараша күні сағат 16.00-де өтетін Гала-концертте конкурс жеңімпаздары және «Аманат» өнер орталығының оқытушылары Эльза Қарабалина, Есбол Шаңбаев, Асылай Әпенова, Азамат Шнаров, Гүлмира Ізбасқанова, сонымен бірге Қазақстанның өнер шеберлері Сәуле Жанпейісова, Нүркен Әшіров, Өмірқұл Айниязов, сондай-ақ шет мемлекеттерден қатысатын І Халықаралық «AMANAT musiс» конкурс-фестивалінің әділ қазылар алқасының мүшелері Юлияна Кривошапкина (Ресей, Якутия) мен Қайрат Салмакеев (Қырғызстан) т.б. өнер көрсетеді.