15 ақп, 2019 сағат 00:32

Халық табысының өсуі - уақыт талабы

Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатына баса назар аударды. Аталмыш стратегиялық құжат әуелгі өз жолынан жаңылмай, халықтың әлеуметтік саясатына, тұрмыстық жағдайын арттыру, өмір сапасының деңгейін көтеру мәселелеріне арналып отыр. Бұл Жолдау бұрынғы жолдаулардың логикалық жалғасы іспетті, бұған дейін жүргізіліп келе жатқан сарабдал саясаттың жемісі, халыққа арнаулар мен сөйлеген сөздердің квинтэссенциясы ретінде қабылданды.

Елбасының «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды», – деген сөздері көпшіліктің көкейде жүрген ойын дөп басты.

ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесiнің мәліметінше, бірінші міндет шеңберінде қазақстандықтардың кірістерін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған 28 іс-шара көзделген.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Қазақстандықтар үшін аса маңызды шаралардың бірі - 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есе артыру. Бұл міндетті іске асыру үшін жеті заң қабылданады. Халықтың кірісін қорғау үшін заңнамаға тариф белгілеу тетігінің, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізілетін болады», - деді Үкімет отырысында. 

Бизнесті тиімді қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жалғасын болады, Индустриалдық-инновациялық дамудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Сондай-ақ алдағы жылдың ақпан айында туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілмек.

Жоғарыда аталған бағдарламалар мен шараларды іске асыру экономикалық өсуге ықпалын тигізе отырып, ел азаматтарының әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ететін болады.

«Тұрмыс сапасын арттыру» деген екінші міндеттің шеңберінде білім  беру және денсаулық сақтау сияқты екі маңызды саланы қамтыған 24 іс-шара көзделген. Бұл міндетті іске асыру үшін 4 заң қабылданады.

Білім мен ғылымды дамытудың және денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларына өзгерістер енгізілетін болады, олар білім беру, ғылым және денсаулық сақтауға 2023 жылға қарай ЖІӨ-ні 10% жеткізуді көздейді.

Білім беру саласында мектепке дейінгі білім беру, орта және жоғары білім берудің сапасын арттыруға бағытталған шаралар көзделген.

Мұғалімдер мен мектепке дейінгі ұйымдар жұмыскерлерін ынталандыру үшін келесі жылы «Педагогтің мәртебесі туралы» Заң әзірленеді.

Оқушылар орынының тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мақсатында ағымдағы жылдың соңында өңірлерде мектептердің құрылысы басталатын болады.

Орта мектептерде Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту әдістері мен жүйесін енгізу жалғасады.

«Назарбаев Университет» ДБҰ тәжірибесіне ұқсас қазақстандық жоғары оқу орындарының топ-менеджерлер ретінде шетелдік мамандарды тартуымен әлемнің жетекші университеттерімен әріптестігі одан әрі дамитын болады. Сондай-ақ өңірлік жаңа жоғары оқу орны құрылатын болады.

Денсаулық сақтау саласында  медицина қызметтерінің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы1 қаңтардан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлық түрде жүргізуге көшеді.

Ағымдағы жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталатын болады. Ол қазіргі заман талабына жауап беретін құрылғылармен жабдықталады.

Сондай-ақ ауруларды басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медициналық жұмыскерлердің жалақысын 20%  кезең кезеңмен өсіру көзделген.

Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшін инфрақұрылымды дамытуды аса қажет ететін  елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтырудың 100 кешенін салу бойынша дайындық іс-шаралары жүргізілетін болады.

Халықты сапасыз және денсаулыққа қауіпті  тауарлар мен қызметтерден қорғау мақсатында Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады (дәрі-дәрмектер, ауызсу, балалар тауарлары және т.б.).

«Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» үшінші міндеттің шеңберінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, елдің кез келген елді мекенінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге бағытталған  22 іс-шара көзделген. Бұл міндетті іске асыру үшін 5 заң қабылданады.

Бұл үшін болашақта Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасы жаңа форматта әзірленіп, қабылданатын болады, бұл Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналады. 

Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы нақты іс-шараларын, жобалары мен қаржыландыру көлемін көрсете отырып келесі жылы қабылданатын болады.

Көлік инфрақұрылымын, коммуналдық және тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында  «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары 2025 жылға дейін ұзартылатын болады.