09 қаз, 2020 сағат 11:35

Халық табысына ықпал ететін жігерлі шешімдер жасалды - Дания Еспаева

Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева еліміздегі қабылданған экономикалық қадамдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы әлеуметтік саланы, сондай-ақ экономикалық блоктағы реформаларға қатысты нақты міндеттерді айқындады. Ұсынылған реформалардың бірі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруға қатысты болды. 

Бұл өз кезегінде қалыптасқан жағдайда қажет болып тұрған шешім еді. 

Экономикадағы монополизацияланудың жалғасуы жалпы экономика мен қоғамның ары қарай дамауына тосқауыл болатыны анық. Осы орайда қайта құрылған агенттік концентрацияның өзгеруі мен нарық қатысушыларының қысқаруына алып келген салықтық әрі қаржылық және басқа да шамадан тыс талаптары бар секторларда мемлекеттік реттеуді қайта қарастырумен айналысады деп ойлаймын», - деді Д. Еспаева. 

Оның айтуынша, төтенше жағдайды енгізу аясында Президент экономика мен кәсіпорындарды сақтауға әрі жандандандыруға, сондай-ақ халық табысын қалпына келтіруге ықпал ететін бірқатар шараға қатысты жігерлі шешім жасады. Бұл шаралар бизнесті қолдауға бағытталып, салықтық және несиелік ынталандыру түріндегі қолдау ескерілді. Сәйкесінше, тиісті қадамдарға мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп, оңтайлы нәтиже болды. 

«Менің ойымша, биыл қыркүйекте жарияланған Жолдау шағын және орта бизнесті қорғауға ықпал ететін болады. Себебі осы тұрғыда қажетті шешімдер пысықталғаны анық. Банк секторында қызмет еткен маман ретінде зардап шеккен шағын және орта бизнес секторларының барлық несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды қолдаймын», - деді депутат. 

Оның сөзіне қарағанда, төтенше жағдай енгізілгеннен бері және карантин мерзімінде «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлерге нақты көмек жасау бойынша Үкіметке бірнеше мәрте өтінімдер жолдады. 

«Сондықтан Президенттің экономиканың зардап шеккен барлық секторларында қолданыстағы кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды жылдық 6 пайызға дейін мемлекеттік субсидиялау арқылы қосымша көмек көрсету шешімі қазіргі жағдайда нақты қолдау болып отыр», - деді Д. Еспаева. 

Оның пайымынша, бизнесті қолдаудың барлық шаралары халық табысының артуына ықпал етеді әрі дер кезінде жасалуда. Алайда, қабылданып отырған шаралардың маңыздылығын ескере отырып, «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау қадамдарын жетілдіру қажет деп санайды. 

Бұдан бөлек депутат Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрылуына қатысты пікір білдірді. 

«Аталған агенттікті құру екі маңызды мақсатты қамтиды деп ойлаймын. Бұл тұрғыда мемлекеттің ұзақмерзімді экономикалық әрі әлеуметтік саясатын, сондай-ақ Министрлер кабинеті жұмысына бағалау жүргізуді қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Д. Еспаева.