29 нау, 2019 сағат 10:48

Халық санағын жүргізуге 30 мың адам жұмылдырылады

Жалпыұлттық халық санағына 30 мыңға тарта интервьюер жұмылдырылады. Бұл туралы мемлекеттік статистика тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық санағы аясында 30 мыңға тарта интервьюерді жалдайтын боламыз. Осы орайда Еңбек министрлігімен бірге тиісті бұйрық бар, онда жұмыс істейтін адамдардың еңбегін төлеу мәселелері ескерілген. Жалақы бюджетте қамтылған және осы адамдарды жалдау шараларын өңірлік органдармен жүргіземіз», - деді Н. Айдапкелов.

Сонымен қатар ол халық санағын жүргізуге тартылатын адамдарға тиісті талаптар қойылатынын атап өтті.

«Егер адам қойылған талаптарға сай келсе, оны жұмысқа алып, оқытамыз. Осы мамандармен бірге біздің қызметкерлер де болады, яғни мәліметтерге қатысты қажетті салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жалданатын адамдардың еңбекақысы түрлі санатқа қарай өзгеріп тұрады, 60 мыңнан 85 мың теңге аралығында болады», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Сонымен қатар, комитет төрағасы халық санағына қанша қаржы жұмсалатынын да айтып берді.

Оның атап өтуінше, санақты жүргізудің электронды тәсілі елеулі қаржы сомасын үнемдеуге мүмкіндік береді. Белгілі болғандай, халық санағын жүргізуге шамамен 9 млрд теңге жұмсалуы ықтимал.

«Мәліметтерді қағазға түсіруден толықтай бас тартамыз, яғни барлығы планшеттермен жүргізіледі. Оған қоса, баламалы тәсілмен тұрғындарға санаққа өздерінің қатысуына ы орайда мамандандырылған сайт әзірленді. Адамдар сайтқа кіріп, өзінің мәліметтерін енгізе алады. Алайда интервьюер әрбір адамға барады. Бұл тұрғыда азаматтарға санақтан өткендігі туралы SMS жіберіледі», - деді Н. Айдапкелов.

Айта кетеік, жалпыұлттық халық санағы елімізде 2020 жылы өткізіледі.