12 ақп, 2020 сағат 09:44

Халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бей-жай қарамаған - Президент

Халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бей-жай қарамаған. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінде еліміздің азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екендіктерін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы - соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмек көрсетті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Біздің халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бей-жай қарамаған. Бұған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады», - деді Мемлекет басшысы волонтерлердің «BIRGEMIZ» республикалық фронт-кеңсесінің ресми ашылуында.

Қазақстан Президенті елімізде құрылғанына 10 жыл толған ұлттық волонтерлік желі бүгінде өмірлік қиын-қыстау жағдайға тап болған кез келген азаматқа көмектесуге дайын мыңдаған белсендінің басын қосып отырғанын баса айтты.