25 қар, 2020 сағат 13:55

Халқымыз ендігі не істесе де, «жолдасы сабыр мен ақыл» ғана болуы керек – Назарбаев

Халқымыз ендігі не істесе де «жолдасы сабыр мен ақыл» ғана болуы керек. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезін қорытындылаған ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталды. Біз оны толық жүзеге асыруымыз керек. Бағдарламаны орындау арқылы қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттырып, еліміздің табысты дамуын қамтамасыз етуге жол ашуымыз қажет. Келер жылы ұлан-байтақ даламызда Тәуелсіз мемлекет құрғанымызға 30 жыл толады. Бұл - өте қасиетті кезең. Ата-бабамыздың қанымен, аналарымыздың терімен келген. Сондықтан қолымызға түскен осы теңдесі жоқ алтынды алып жүру біздің мойнымызға жүктелген парыз», - деді Елбасы. 

ҚР Тұңғыш Президенті өткен ғасырда халқымыз тоғыз түрлі алапатты бастан кешіргенін атап өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс, 2 зұлмат ашаршылық, ұлт-азаттық қозғалыстар, қуғын-сүргін жылдарында 4 млн адам қыршын кетіп, 1,5 млн қазақ босқынға айналып, шет мемлекеттерге бас сауғалағанын баса айтты. 

«Бұл ұлтымыз үшін ауыр қасірет. Қай халық осындай қасіретті басынан кешірген екен. Соған қарамастан халқымыз ата-бабамыз қалдырған жерінде өзінің мемлекетін құрып отыр. Елордасын елдің ортасына әкеп орнаттық. Дүниеге елімізді паш еттік. «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен» өтіп, «мың өліп мың тірілген», Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезінген халқымыздың ендігі не істесе де «жолдасы сабыр мен ақыл» ғана болуы керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.