16 мам, 2022 сағат 12:56

Кезектерге қатысты алаяқтық болмайды - ҚАБҚ 4 пайыздық автонесие туралы

Иллюстрациялық фото:elements.envato.com

Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева 4 пайыздық автонесие бағдарламасына қатысқысы келетін қазақстандықтардың автосалондардағы кезегіне қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Халықтан дүрбелең салмауды сұраймыз. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде осы бағдарлама бойынша көлік таңдап, тапсырыс беруге келген адамдар бар. Әрине, солай істеуі керек. Тек бағдарламаға қатысатын банктер өтініштерді қабылдауға дайын болғанын күту керек. Олар автокөлікке тапсырыс берген барлық адаммен байланыста. Кезегі келген кезде азаматтарға көлігін алып кетуге болатыны хабарланады", - деді Мақашева.

Ол бағдарлама ашық жұмыс істейтініне және автосалондардағы көліктер кезегінде "алаяқтық" болмайтынына сендірді.

"Кезекке қатысты алаяқтық болмайды. Әрбір автосалон не алдын ала сатып алу-сату шарты бойынша брондау жасайды, не болмаса автосалонда көлік брондаған адамдар мен қандай жиынтық таңдағаны жазылған тізім бар. Бүкіл процесс ашық және түсінікті болуы үшін алдымен адам автосалонға келіп, оны таңдап, менеджерге дәл осы көлікті қалайтынын растауы керек. Егер тұтынушыға бірдеңе ұнамаса немесе түсініксіз процесс болып жатқандай көрінсе, ол әрқашан автосалондағы қолдау қызметіне хабарласа алады", - деп қосты ол.

Мақашева қазақстандықтар сенбеген жағдайда ресми дилерлерге жүгіне алатынын айтты.

"Кейбір көлік салонда жоқ. Егер көлік өндірісте болса және жақын арада автосалонға жеткізілетін болса, онда тұтынушыға оның қашан жеткізілетіні айтылады. Әр адамға таңдаған көлігі қашан әкелінетіні хабарланады", - деп түйіндеді ол.

4 пайыздық автонесиелеу бағдарламасы 16 мамырда басталған. Оның шарты бойынша кез келген қазақстандық автомобильді несиеге 4 пайызбен сатып ала алады. Автокредит 10 миллион теңгеден аспайтын сомаға және 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна 0 пайыздан басталады, көлік құралының жалпы құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұл жолы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттарына Hyundai, KIA, Chevrolet, LADA, JAC және Renault компанияларының кейбір моделі кіреді.