01 қаз, 2020 сағат 15:26

Кезекші сыныптардағы 36 баладан коронавирус анықталған - министрлік

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтыру жағдайларына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында кезекші сыныптарда оқып жатқан балалар арасында коронавирус жұқтыру жағдайлары туралы сұрақ қойылды. 

«Қазіргі кезде кезекші сыныптар арасында 36 оқиға тіркелді. Осы балалармен байланыста болған 575 оқушы анықталды, олардың арасында да 10 балада анализ оң нәтиже берді. Ауру көбіне балалар арасында симптомсыз немесе жеңіл түрімен өтіп жатыр. Бұл балалардың ішінде бесеуі стационарлық көмекке жүгінді. Оның үшеуінің жағдайы орташа дәрежеде екені анықталды», - деді А. Ғиният.

Оның сөзіне қарағанда, Шығыс Қазақстан облысында ауырған балалардың саны 13-ке жетті, Солтүстік Қазақстан өңірінде 12 жағдай, сондай-ақ басқа өңірлерде 1-2 баладан тіркелді. 

Сонымен қатар вице-министр қашықтан оқып жатқан балаларға тоқталды. 

«Қашықтан оқып жүрген оқушылар арасында 73 жағдай тіркеліп отыр. Байланыста болған 242 адам анықталып, олардың ішінде 15 жағдай бойынша анализде оң нәтиже анықталды. Барлық балалардың денсаулығын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Осы оқушылар арасында ауыр жағдай тіркелмеді», - деді ол.