27 там, 2020 сағат 11:40

Кезекші сыныпқа сабақ берген мұғалімнің қашықтан оқытуға да құқығы бар ма - Білім министрі жауабы

Кезекші сыныпқа сабақ берген мұғалімнің қашықтан оқытуға да құқығы бар. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында министрге кезекші сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің қашықтан оқытуына тыйым салынып жатқандығы айтылған болатын. 

«Бұған жол беруге болмайды. Қашықтан оқытатын форматта да, кезекші топтарда да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар педагогтердің сабақ беруге құқығы бар», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, бұған дейін бастауыш сынып мұғалімдерінде бір ставкаға сағат жетпей қалу проблемасы болған. Мәселен, үлгілік оқу жоспарына сәйкес, бірінші сыныптарда аптасына 24 сағат беріледі. Алайда ағылшын тілі, дене шынықтыру сынды сабақтарды басқа мұғалімдердің беруіне байланысты бастауыш сынып ұстазының орташа жүктемесі 15-16 сағатты құрап, 18 сағатқа, 1 ставкаға да жетпеген. Ал қазір жағдай өзгеріп отыр. 

«Қазір біз сыныпты бөлетін боламыз. Айталық, сыныпта 30 оқушы бар. Бүгінгі жағдайда кезекші сыныпта оқыту барысында олар аталған сыныпты 15 баладан екі шағын топқа бөлуге міндетті. Соған орай педагогке жүктеме де артады. Дегенмен, педагог қосымша жұмысы үшін қосымша ақы да алады. Яғни, егер қазіргі уақытта онда 28 сағат болса, педагог барлық 28 сағат үшін жалақы алады», - деді Асхат Аймағамбетов.