08 қаз, 2016 сағат 11:37

Кейкі батырдың бас сүйегі Амангелді ауданындағы мазарға жерленеді - Б.Әбдіғалиұлы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі Кейкі батырдың бас сүйегін зертханалық зерттеулер жүргізу үшін Астанадан Алматыға жеткізеді. Бұл туралы қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұрсан (Әлімбей) ағамыз Кейкі батырдың бас сүйегін Алматыға алып кетіп барады. Аэропорттың тексеруінен өтті (видео). Отбасымызбен Батыр мен ағамызды шығарып салдық. Астанадан (сағат) 22.30-да ұшады. Алматы қарсы ал!», деп жазды саясаттанушы.

Берік Әбдіғалиұлының сөзіне қарағанда, антропологтер батырдың бет келбетін жасап болғасын, шамамен 1-2 ай көлемінде бас сүйек Қостанай облысының Амангелді ауданындағы арнайы салынған мазарға жерленеді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы мамыр айында халық алдында есеп берген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Кейкі батырдың бас қаңқасын қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтқан болатын.

«Біздің Серік Ақылбай (сенатор – авт.) осы мәселе бойынша жиі хабарласып отырады. Кейкі батырдың басы не болды деп. Мен өзім осы мәселені жіті бақылап келемін. Аптасына бір рет Ресей жаққа өз хатымды жіберіп отырамын. Шынын айту керек, отандастарымыздың осы жұмыс бойынша бізді белсенді әрекет етуге ықпал жасап отырғандары қуантады. Жақын арада бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Себебі Ресей жақтан келісім келді. Оған қоса, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай сияқты ғалымдарымыз экспедицияға барып, нумерациясын, барлық мұрағат мәліметтерін тапты. Енді, техникалық процедуралар қалып отыр. Мен оның нақты уақытын айта алмаймын. Мен ойлаймын, белсенді әріптестік қарым-қатынастың арқасында біз аталған артефактіні тездетіп қайтара аламыз», - дейді А.Мұхамедиұлы.