Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында мемлекеттен бөлінген қаражат тиімді әрі мақсатты түрде жұмсалуы тиістігін тағы ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Түркістан облысының бір ауданында 600 орындық мектеп 600 млн теңгеге салынып жатса, тура сондай мектеп басқа жерде 1 млрд 200 млн теңгеге тұрғызылып жатыр. Бұл қалай болғаны? Үкімет кейде мектеп қажеті жоқ жерге ақша бөледі. Әкім неге ондай талап қояды? Ал мектеп жетпей жатқан жерге ақша бөлінбей жатады. Ұлттық экономика министрлігі бұған неге жол береді? Себебі, дәл құрылыс алаңында тер төкпегендіктен, жағдайды жіті біле бермейді. Сен, (Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов - авт.) қай жерде үш ауысыммен балалар оқып жатқанын, қай жерде мектептің барын білуің керек! Мен әрбір министр үшін жұмыс істеуім керек пе?», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Тимур Сүлейменовке министр болғаны үшін қаржыны үнемдеуді білуі тиістігін ескертті.
«Ал сіздер үнемдеудің орнына шашпалыққа жол бересіздер. Кейде таңғаламын. Кейбіреулер бюджеттің ақшасына түпсіз бөшке секілді қарайды. Ол жерден ақшаны ала беруге болатын секілді. Жылдың соңында игерілмеген қаражат миллиардтап қалады. Қараша-желтоқсанда ол қаражатты оңды-солды жұмсап, базаны босатып, келесі жылы одан да көп қаражат алғысы келеді», - деді Президент.
Елбасы осыған байланысты Есеп комитеті бақылауды қатайтатынын ескертті.
Айта кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.