«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова кейбір науқастарда коронавирус инфекциясынан кейін қант диабеті пайда болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шын мәнінде бұл проблема барша әлемнің ғалымдарын алаңдатып отыр. Осы орайда коронавирусқа дейін болған қант диабетін айтып тұрмын. Коронавирустан кейін қант диабетін қалай емдеу керек? Қант диабеті алғаш рет пайда болған пациенттер тобы бар, оларда коронавирус инфекциясына дейін бұл ауруға шалдығуға негіз болмаған еді. Қазіргі кезде халықаралық регистр бар, оған коронавирустан кейін алғаш қант диабетімен ауырған пациенттердің барлығы енгізіледі. Бұл шаралар осы диабеттің патогенезін түсіну үшін және оны емдеу жолдарын айқындау тұрғысында қажет», - деді дәрігер.
Оның сөзіне қарағанда, коронавирустан неврологиялық салдары да тіркелуде.
«Бұл өз кезегінде коронавируспен ауырған аудамдарды қатты алаңдатып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы ем-дом шаралары зерттелуде», - деді Махаббат Бекбосынова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, М. Бекбосынова коронавирусқа қарсы дәрілік препараттарды тек дәрігерлер тағайындауы керектігін айтты.
«Дәрігерлер эфирде қандай да бір препараттардың атауын жариялағанға қарсымын. Себебі мұны халық дұрыс қабылдамайтын жағдайлар кездеседі. Біздің сұхбаттарымызды тыңдап алып, адамдар дәріханаға барып, препараттарды сатып алады. Жалпы, дәрілік препараттар тек рецепт бойынша сатылуы керек», - деді ол.