24 сәу, 2019 сағат 10:30

Кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар соттарда қаралмайтын болады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтату, қызметті тоқтату немесе тыйым салуды көздейтін жекелеген әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауды уәкілетті органдардың құзіретіне беру ескеріліп отыр.

«Конституциялық новеллалар қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларын одан әрі жаңғыртудың берік іргетасын қалады. Конституциялық реформа аясында атқарушы мемлекеттік органдардың және олардың басшыларының жауапкершілігі артты. Осыған байланысты бұл бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында да ұқсас реформаларды талап етеді. Осылайша, заң жобасы тек сотпен ғана қолданатын әкімшілік жазаларды қайта қарауды, сондай-ақ уәкілетті органдардың құзіретіне олармен өз бетінше қолданылуы мүмкін әкімшілік жазаларды жатқызуды ұсынады», - деп түсіндірді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жетпістен аса құрамдарын соттардан уәкілетті мемлекеттік органдардың құзіретіне беру ұсынылады. Бұл тұлғалардың сот органдарына даусыз істер бойынша жүгіну қажеттілігін алып тастаумен қатар, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады.

Сонымен бірге, азаматтардың істі сотта қарауды таңдауға құқығы сақталатын болады. Яғни, бұл істер бойынша сот бақылауы жалғасады.

Мұнымен қоса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізуді электрондық форматқа ауыстыру қарастырылған.

«Азаматтар үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғау және оны қарау тәртібі қарапайым әрі түсінікті, ал айыппұлдарды төлеу жүйесі мемлекеттік органдарға неғұрлым аз барумен қоса, мүмкіндігінше ыңғайлы болған маңызды. Осыған байланысты Бас прокуратураның бастамасы бойынша заң жобасында Әкімшілік рәсімдердің бірыңғай тізілім жүйесін енгізу бөлігінде түзетулер қарастырылған. Бұл мемлекеттік органдардың және екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын әкімшілік процесі бар электрондық істі қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, аталған заң жобасы аясында әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдары мөлшері төмендейтін болады

«Әкімшілік құқық бұзушылық санкцияларына жүргізген талдау оларды әкімшілік жауапкершілікті одан әрі ізгілендіру аясында жеңілдетуге және төмендетуге мүмкіндік бар екенін көрсетті. Мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде, сондай-ақ талдау мен статистикалық деректерді ескере отырып, заң жобасымен қырық төрт құрам бойынша айыппұл мөлшерін азайту, он құрам бойынша әсіре қатаңдықты төмендету, алты құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылады», - деп атап өтті Марат Бекетаев.