07 там, 2025 сағат 13:14

Кесте бойынша 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбина күрделі жөндеуден өтеді — энергетика вице-министрі

Фото: Үкімет

Бүгін Үкіметте Мемлекет басшысының өңірлік даму, су ресурстары және ирригация салаларындағы тапсырмаларын орындау және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысына арналған баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Шара барысында Энергетика министрлігінің өкілі алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы сұрақтарға жауап берді. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспарға сай және тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.

«Биыл 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың жартысынан көбі – нақтырақ айтқанда, 5 энергоблок, 30 қазандық және 18 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған нысандардағы жөндеу аяқталған», – деді ол.


Сондай-ақ вице-министр жылу желілері бойынша жұмыстар әр өңірдің кестесіне сәйкес жүргізілетінін атап өтті.

«Желілерді жөндеу өңірлердің құзыретінде. Бұл жұмыстар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Бақылау комитетімен бірлесіп қадағаланады. Жөндеу жұмыстары негізінен тарифтік қаражат, республикалық бюджеттен бөлінген 40 млрд теңге және Үкімет резервінен қарастырылған қаржы есебінен атқарылуда», – деді Сұңғат Есімханов.