22 қаң, 2019 сағат 12:22

Керчь бұғазында екі кеме өртеніп, 14 адам қаза тапты

Ресей билігі Керчь бұғазында екі коммерциялық кеме өртеніп, 14 теңізші қаза тапқанын мәлімдеді. Ресей федералдық теңіз және өзен транспорты агенттігінің баспасөз хатшысы Алексей Кравченконың хабарлауынша, өрттен 12 адам құтқарылған. Бес адам із-түзсіз жоғалды деп саналып отыр.

Өрт бір кемеден екіншісіне жанармай құйып жатқанда шыққан. Ресей ақпарат құралдары бір кемедегі өрттің екінші кемені де шарпығанын хабарлады. Кеме экипажы өрттен қашып, борттан төмен түсіге мәжбүр болған. Ресей транспорт министрлігі екі кемеде барлығы 31 теңізші болғанын, олардың Түркия мен Үндістан азаматтары екенін айтады.

Ресей мен Украинаның қарым-қатынасы Қара теңіз бен Азов теңізін қосатын Керчь бұғазына байланысты шиеленісіп кеткен. Былтыр қарашада Ресей шекарашылары бұғазға жақын аумақта украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алған. Мәскеу украин кемелері Ресей аннексиялап алған Қырым жағалауына жақын теңізге заңсыз еніп кетті деп санайды. Ресей билігі үш кемені 24 теңізшісімен бірге ұстады.