13 қаз, 2020 сағат 13:48

Керамикалық мозаикадан алғаш рет Абайдың алып портреті құрастырылды

Петропавлда Абайдың 175 жылдығына орай бірегей әдіспен жасалған алып панно пайда болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Абайдың алып портреті Петропавлдағы Абай көшесі мен Әуезов көшелерінің қиылысында, көпқабатты үйдің қабырғасында пайда болды. Шамамен 150 шаршы метрді алған бұл панно керамикалық мозаикадан құрастырылған.

«Жұмыс қаңтар айында басталды. Алдымен, жобасын жасап, оны облыстық әкімдікте бекіттік. Қала әкімі Болат Жұмабековтің қолдауымен сәуір айында іске кірісіп кеттік. Орасан жұмыс істелді. Керамикалық қыш тақташалардың әрқайсысына сурет салып, оны өңдеп, шатастырмау үшін нөмірледік. Керамикалық плитканың әрқайсысын 830 градус температурада қыздыру керек. Одан 10-15 градусқа асырып жіберсең немесе жеткізбесең – сапасы бүлінеді. Көп уақыт осы қыш тақташаларды әзірлеуге жұмсалды», - дейді жобаның авторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.

Қажетті материал негізінен Алматыда әзірленді. 

«Бұл жұмысты қолға алғанда тәуекелге бел будық. Өйткені бұған дейін Қазақстанда ешкім керамикалық панно жасаған емес, соның ішінде адамның портретін. Жалпы, бұл әдісті негізінен мешіттерде қолданады. Менің жұмыстарымның бірі – ол Петропавлдағы 19-ыншы шағынаудандағы мешіттің ішкі безендірілуі. Бұл бірегей жобада 4 адам жұмыс істеді. Олар алматылық құрылысшылар, өз ісінің кәсіби шеберлері. 20 жыл бірге қоян-қолтық еңбек етіп келеміз», - дейді суретші.

 

Болат Әсербеков – Қазақстанға танымал суретшілердің бірі. Петропавлдың тумасы, қазір Алматыда тұрады. Негізгі мамандығы көркем керамикамен байланысты. 

«Айша бибі мазарында, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінде, тағы да басқа көптеген тарихи ескерткіштерде қыш тақташалар қолданылған. Олар әлі күнге дейін өңін бермей тұр. Біз бұған дейін мұндай үлкен көлемде қыш тақташалармен жұмыс істеген жоқпыз. Бірінші жұмысымыз, көңілден шықты. Тәжірибе жинадық», - дейді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Асербеков.