Түркістан облысында Кентау қаласының учаскелік полиция инспекторы пышақпен қаруланған күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, оқиға 2021 жылдың 12 наурызынан 13 наурызына қараған түні сағат 23:30 шамасында болған. Бұл оқиға туралы оның куәгері Түркістан тұрғыны Жасур Жұмабай атты азамат Instagram парақшасына жазған.
Оның оқиғаны баяндауынша, Жасур түнде көлігімен келе жатып топталып тұрған адамдарды көреді. Не болып жатқанын білмек болып көлігінен түскен Түркістан тұрғыны жолдың ортасында бір жігіттің екіншісінің мойнына пышақ сұғып, үстіне отырып алым, жібермей тұрғанын көреді. Ал пышақталған жігітті құтқармақ болғандарға күдікті пышағын кезенеді. Тұрғындар полицияға хабарласып жатқанда көлігімен келіп жеткен полиция қызметкері күдіктінің пышағына қарамастан қолын бұрап, залалсыздандырады.
Қазіргі таңда учаскелік полицей құрықтаған күдікті қамауда, оған қатысты Кентау ҚПБ-да ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі «Адам өлтiру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.