17 нау, 2021 сағат 09:30

Кеңседе қабылдап, келісімшарт жасасқан: Елордалық бойжеткен 25 адамды алдады

Елордада «мемлекеттік бағдарламамен баспана алуға көмектесемін» деген желеумен 25 адамның ақшасын алған алаяқ ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство ақпаратына сәйкес, 27 жастағы қыз елорда тұрғындарына мемлекеттік органдарда таныстары бар екендігін айтып, белгілі бір сомаға мемлекеттік бағдарламамен пәтерлі болуға жәрдемдесуге уәде берген. Күдікті алаяқтық әрекетін жүзеге асыру және адамдардың күдігін сейілту мақсатында фирма тіркеп, арнайы кеңсе жалға алған. Ол 2020 жылдың наурызы мен тамызы аралығында зардап шегушілермен мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы жалған келісімшарттар жасасқан. Оның алаяқтық әрекетінен 25 адам зардап шеккен. 

«Зардар шегушілер енгізген алғашқы жарна сомасы пәтердің ауданына байланысты болған. Ол өзінің сыйақысын бірден алған және уәдесін орындауға әрекеттенбеген. Осылайша ол алданып қалған азаматтардың 56 млн теңгесін қалтасына басқан. Күдікті жасаған алаяқтық әрекетін мойындады. Оның үстінен ҚРҚК 190-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар оның елорда аумағында жасалған дәл осындай қылмыстарға қатысы тексерілу үстінде», - деді департаменттен.