20 сәу, 2018 сағат 14:29

Кемероводағы өрт кезінде аман қалған бала ауруханадан шықты (Видео)

"Зимняя вишня" сауда орталығындағы өрт кезінде аман қалған 11 жастағы бала ауруханадан шықты, деп хабарлайды sputniknews.kz РИА Новости-ға сілтеме жасап.

"Баланы бүгін ауруханадан шығарды. Жағдайы жақсы – өзі жүріп-тұра алады. Бір айдан соң тағы да реабилитация курсынан өтетін болады", — деп хабарлады Кемерово облысы балалар ауруханасының өкілі.

Облыстық балалар ауруханасында ер бала бір айдай жатты. Мамырдың соңында жасөспірім тағы ем алатын болады.

Өрт кезінде баланың ата-анасы мен қарындасы қаза тапқан. Әкесі өлер алдында ұлын терезеден итеріп жіберген болатын, салдарынан жасөспірім ауыр жарақат алған еді. 

Сол кезде ер баланың өкпесіне қатты зақым келіп, тәулік бойы жасанды дем алдыру құрылғысымен жатқан. 

Кузбасстың балалар құқығы бойынша уәкілі Дмитрий Кислицын хабарлағандай, баланы әжесі қамқорлығына алады. 

Естеріңізге сала кетсек, "Зимняя вишня" сауда орталығында 25 наурызда өрт шығып, салдарынан 64 адам қаза тапты.