10 мау, 2018 сағат 21:26

Кемел келешекке бастаған жарқын жоба

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» деген һәкім Абайдың сөзі қай заманда да өз мәнін жойған емес. Керісінше бұл қастерлі жолдардың қадірі күн санап артып келе жатқанына куә болып отырмыз. Озық ойлы адамдар - қоғамның тәрбиесіне, дамуына және өзгеруіне өз үлесін қосатын әлеуетті күш. Міне, сондықтан Қазақстан халқы Мемлекет басшысы жариялаған бес әлеуметтік бастаманың мән-маңызын терең ұғынып, бұл ауқымды бағдарламаның болашағы мен әкелер жаңалығына, жақсылығына кәміл сенеді. Жаңа ғасыр - өзгерістер кезеңі. Ал, уақыт бір орында тұрмайды. Онымен бірге қоғамның білім алып, ғылым қууға деген ұмтылысы арта түспек. Ендеше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тың жоспарлары мен ауқымды жобалары дәл осы аумалы-төкпелі шақтың сұраныстарына сай келіп отыр деп айтуға әбден негіз бар.

Бүгінгі білімді әм білікті жас - елдің ертеңгі болашағы. Жаңа технологиялар дамып, өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған заманда жаңа талап жас буынға мүмкіндіктер тудырып, оларға даңғыл жол салу - ұлттық және мемлекеттік мүдденің қоғам тілегімен үйлесуінің айқын бір көрінісі деуге болатын шығар. Мемлекет басшысының өзі «Қазақстанды ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет - білім, білімді ұрпақ. Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет», - деп, ХХІ ғасырды ғылым мен білімнің ғасыры атады. Иә, сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы жастардың жоғары білім алуына жағдай жасап, мамандық иелерін сапалы дайындау мен студенттердің жатақханадағы жай-күйін жақсартуға бағытталған жаңа бастамаларының бірінде сөзсіз үлкен сенім мен қолдау жатыр.

Соңғы елеулі өзгерістерге қатысты оқу орындары басшыларының, оқытушылар қауымы мен студенттердің пікірі жоғарыда келтірген сөздерімізге дәлел бола алады.

"Сөзсіз, біздің жаңа қоғамның даму үрдісінің жедел және ілгері қадам басуында Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының алатын орны ерекше. Жеке басым бұл бастамаларды алдағы уақытта нақты жүзеге асатын тың бағдарлама және жақсы қадамдар дер едім. Техникалық оқу орнының оқытушысы ретінде, әрине, ең алдымен үшінші бастамаға тоқтала кеткім келіп отыр. Сапалы жоғары білім беру мен жатақхана мәселесінің шешілуі, техникалық мамандық иелеріне қосымша тағы 20 гранттың бөлінуі - осының бәрі біздің колледж студенттерінің жоғарғы оқу орнына түсулеріне бірден-бір мүмкіндік болып отыр", - дейді Ақмола облыстық жоғары техникалық колледж ұстазы Қарлығаш Қалиева.

Бұл игі бастаманың «төртінші индустриалды революция» жағдайында қоғамда сұранысқа ие мыңдаған сапалы маман иелерін дайындауға мүмкіндік бермек.

Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледж студенті Манас Ахметжанов дәл осы жарқын жаңалықтардың болашағына бір адамдай сенетінін жеткізді: "Мен - техникалық маман иесімін. Елбасының бес бастамасында техникалық маман иелеріне үлкен мүмкіндіктер қарастырылған көріп отырмыз. Бұл бастамалардың арқасында біздің мамандыққа деген сұраныс көбейіп, жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі еселеніп отыр".

Президент бастамалары сөз жүзінде қалмай, еліміздің бірқатар өңірінің басшылық көлемінде әлдеқашан нақты шешімдер қабылданып үлгерген. Мысалы, бүгінгі күні Павлодар облысы болашақ мамандарды жатақханамен қамту жағынан ел көлемінде көш бастап тұрғанын айтуға болады. Бұл өңірде соңғы бес жылда төрт жаңа жатақхана салынған. Соған қарамастан әлі де тапшылық байқалатыны белгілі болды. Өткен жылдың соңында ғана түсті металлургия колледжінің студенттері үшін қос бірдей жатақхана бой көтерген. Бесқабатты еңселі ғимараттарда тәлімгерлердің алаңсыз білім алуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. Жайлы жатын бөлмелерден бөлек асхана, заманауи тренажер залы, кір жуатын орын да бар. Жатақханаларды Павлодардың алюминий зауыты толықтай өз қаржысына салып берген. Өйткені оқу орны кәсіпорынға нағыз кәсіби мамандар даярлайды. Сондықтан болашақ жұмысшыларға лайықты жағдай жасаудың маңызы зор. 

"Бірінші курста жатақхана жағдайы қиын болды. Оқумен қатар біраз тер төгуге тура келіп еді. Өйткені пәтер жалдап тұрдық. Жаңа жатақхана ашылғанда қатты қуанғанымыз рас. Мұнда барлық нәрсе тегін. Тегін тұрып жатырмыз. Оқуды бітіргеннен кейін зауытқа орналасып, әрі қарай ел экономикасын дамытуға, мемлекеттің өркендеп-өсуіне өз үлесімді қосамын деп үміттенемін", - дейді 2 курс студенті Қуаныш Шарапиев.

«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы Елбасы бастамасы Павлодар облысы активінде де талқыланған.

Мысалы, «Серпін» бағдарламасымен еліміздің оңтүстік өңірлерінен және Қытай, Моңғолиядан келіп оқитын жастардың жыл сайын көбеюі әсерінен жатақхана мәселесінің аймақта өткір тұрғанын жеткізген С.Торайғыров атындағы ПМУ ректорының ұсынысы аяқсыз қалмаған. Жоғары оқу орындарына арнап жаңа жатақхана салу туралы шешім бірауыздан қабылданған.

"Алқалы жиында жатақхана құрылысын жүргізетін орынды белгілеп, жобалық-сметалық құжаттарын бір апта көлемінде әзірлеуге тапсырма беріліп үлгерді. Президенттің бастамалары еліміздегі студенттердің жағдайын жақсартуға бағытталып отыр", - дейді Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Гаухар Ахметова.

Ал, Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Марат Баяндин болса, оқу гранттарының техникалық мамандықтарға жылдағыдан көп бөлінетінін, әсіресе ІТ технология, роботты техника мамандықтарына басымдық берілуінің жақсы жаңалық болғанын айтады.

"Біз жаһандық дамудың жаңа сатысына аяқ бастық", - дейді ол.

Міне, осындай өзгерістерден-ақ біз Елбасы бастамаларының жемісі мен жеңісі мол боларын уақытынан бұрын бағамдай аламыз. Өскелең ұрпаққа деген қамқорлығын аямаған Мемлекет басшысы "келешектің кемел болуы – білім ұрпақ" екендігін биік мінберлерде үнемі айтып жүреді. Өйткені жастарды қолдау – мемлекеттік мүдде және қолдап қана қоймай, оларға бағыт бағдар беру – елдік іс.