21 қар, 2018 сағат 17:07

Келер жылы ҰБТ-да бірқатар өзгерістер болады

Келер жылы ҰБТ тапсыру форматы сол күйінде қалады, дегенмен бірқатар қосымша өзгерістер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Білім және ғылым министрлігі тарапынан 2019 жылы ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

2019 жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз) өткізіледі және алғашқысы қаңтардағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтінім 2018 жылғы 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады.

ҰБТ-ны сәтті тапсырған 11 (12) сынып оқушылары ЖОО-ға ақылы негізде түсе алады.

Сондай-ақ, шет тілін терең меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар оқушылар «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату нормасы енгізілуде.

«Айта кету керек, қаңтар, наурыз және тамыз айларында ҰБТ тапсырған талапкерлер білім беру гранттарына үміткер бола алмайды, ол ЖОО-на ақылы түрде түсу мүмкіндігіне ие болуы үшін қарастырылған, ал грантқа таласу үшін маусым-шілде айларында өтетін ҰБТ-ға қатысуы қажет. Және де қаңтар, наурыз айларында ҰБТ тапсырған оқушылар маусым-шілде айларындағы негізгі ҰБТ-ға қатыса алады», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2019 жылдың қаңтар, наурыз, тамыз айларында ҰБТ тапсыратын талапкерлер тестті ақылы түрде тапсырады және оның әр тапсыруы  2242 теңгені құрайды.

Вице-министр аталған өзгерістердің не үшін енгізілетінін төмендегідей дәйектермен түсіндірді.

«Жалпы ҰБТ-ны тапсыру форматында, пәндер мен сұрақтар бойынша өзгерістер жоқ. Қалған өзгерістерге келсек біз көпшіліктің пікірімен санасу мен мониторинг жасау негізінде келдік. Сонымен бірінші себеп, көп адамдар неге Ресей және басқа да елдерде қыста емтихан тапсырып оқуға қабылдайды, неге бізде ондай мүмкіндік жоқ дейтіндерге жағдай жасау, екінші неге бізде ЖОО-на түсу мүмкіндігі бір рет қана қарастырылған деген өтініш иелеріне қосымша мүмкіндік беріледі, үшінші, ЖОО-на түсу мүмкіндігі неге ҰБТ-мен ғана шектеледі деген жиі сұрақ қойылатын. Бұл мәселені БҒМ өз бақылауына алып екі жылдан бері мектепте және университетте бөлек тапсыру мүмкіндігі қарастырылған», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылдан бастап білім гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. ЖОО-ға қабылдау кезінде талапкерге түскен мамандығы бойынша нақты білім беру бағдарламасын таңдау мүмкіндігі беріледі. Ол үшін министрлік ЖОО-ы жүзеге асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін қалыптастырады.

Ағымдағы жылғыдай, ҰБТ сертификатымен бірге әрбір бітірушіге білім беру бағдарламалары топтарының тізімі, бөлінетін гранттар саны, сондай-ақ, өткен жылғы грант тағайындау конкурсының нәтижелері көрсетілген ақпараттық парақ беріледі. Бұл ақпараттық парақ талапкерге болашақ мамандығын таңдауда көмектеседі.