05 қыр, 2019 сағат 18:44

Қазығұрттағы оқушы өлімі: Білім министрлігі ресми мәлімдеме таратты

ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазығұрт ауданындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Махатай Алихан Талғатұлының мезгілсіз қайтыс болуына орай ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркістан облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша, 2019 жылғы 5 қыркүйек күні Қазығұрт ауданы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Алихан Махатай дене шынықтыру сабағында жылжымалы футбол қақпасымен ойнап, нәтижесінде қақпа үстіне құлап, ауыр жарақат алған. Оқиға болған жерге жедел жәрдем шақыртылып, аудандық ауруханаға жеткізілген. А.Махатай жансақтау бөлімінде ота жасау үстінде сағат 15.00-16.00 шамасында қайтыс болған. Бүгінгі таңда аудандық прокуратура және ішкі істер бөлімі тергеу шаралары жүргізіп жатыр», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Аталған қайғылы жағдай ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жеке бақылауына алынған.

Ведомство мәліметінше, мектеп әкімшілігі оқушылар мен ата-аналар қауіпсіздік нұсқаулығымен таныстырылғанын мәлімдеген. Қазіргі таңда мектеп әкімшілігіне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар арасында қауіпсіздік шараларын қолдану жөнінде түсіндірме жұмыстары атқарылуда.

Айта кетсек, Махатай Алихан Талғатұлы 2006 жылы туған. Отбасында бес перзенттің ең кішісі. Отбасы материалдық жағдайы орта. Алдағы уақытта аталған жазатайым оқиғаға қатысты қосымша ақпарат берілетін болады.