19 нау, 2021 сағат 10:25

ҚазҰУ жер учаскесінің азаю фактісі расталды – Білім министрі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жер учаскесінің 0,779 гектарға азаю фактісі расталды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұдан әрі – ҚазҰУ) жер телімін түзетуге қатысты пост жариялағаннан кейін, тез арада министрліктің жұмыс тобы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, баяндалған барлық фактілерді тексеруді бастады. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша ҚазҰУ жер учаскесінің 0,779 гектарға азаю фактісі расталды», - деді ол.

Асхат Аймағамбетовтің атап өтуінше, осыған байланысты жер учаскелерін басқару бөлігінде ҚазҰУ қызметін толыққанды зерттеу мақсатында министрлік кешенді тексеру жүргізуді көздеген.

«Алайда, осы жылғы наурызда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚазҰУ-ға аудит бастауына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тексеріс жүргізу мүмкін емес. Сонымен қатар 2021 жылғы 10 ақпаннан бастап ҚазҰУ-ға жаңа басшылық тағайындағанын атап өткен жөн», - деді министр.