14 жел, 2017 сағат 09:14

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына 944 млн теңге айыппұл салынды

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына қатысты тексеруді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша компания коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушылардан тауарлық газдың шартты көлемін кем алғаны үшін ақшалай айыппұл өндіріп алғаны анықталған. Бұл ретте айыппұлды өндірудің экономикалық, технологиялық негіздемесі болмаған, сондай-ақ бұл тұтынушыға қатысты кемсітушілік сипатта болып табылады», - делінген хабарламада. 

Аталмыш факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, оның материалдары сотқа беріледі. 

Бұдан басқа, ТМРБ және ТҚҚК компанияға кемшіліктерді жою, қаражатты қайтару және газды кем алғаны үшін айыппұл алуды көздейтін талаптарды келісімшарттардан алып тастау жөнінде нұсқау жариялады. 

2017 жылғы 28 қарашада Астана қаласының соты компанияны ӘҚБтК-нің 159-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту және мемлекет кірісіне 944 855 296 (тоғыз жүз қырық төрт миллион сегіз жүз елу бес мың екі жүз тоқсан алты) теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы етті.