16 мау, 2017 сағат 13:59

«Kazsport» пен «Қазақстан» 2018 және 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатын көрсетеді

Қазақстан телевизиясының тарихында тұңғыш рет ФИФА аясындағы ең үздік турнирлерді көрсетуге қатысты аса ауқымды келісімшарт жүзеге асырылды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

«Қазақстан» РТРК» АҚ («Kazsport» пен «Қазақстан») бірден футболдан екі әлем чемпионатын (2018 және 2022 жылдар) трансляциялауға құқық ала отырып, 6 жылға келісім жасады», - делінген хабарламада.

Министр келтірген мәліметке сүйенсек, қазақстандық тарап ТВ құқығын алып сатушы делдалдарды айналып өтіп, негізгі құқық иесімен келісім жасасуға қол жеткізген. Осының арқасында қомақты қаржы үнемдеген.

Одан бөлек, «Kazsport» пен «Қазақстан» телеарналары басқа да бірқатар әлемдік спорттық додаларды тікелей трансляциялау құқығын сатып алған.

«Осы екі чемпионаттан басқа Қазақстанда әлемдік клубтық біріншіліктерді, футзал мен жағажай футболы бойынша әлем чемпионаттарын, әйелдер, түрлі жастағы жастар мен жасөспірімдер құрамалары арасындағы әлем біріншіліктерін, сондай-ақ ертең, 17-ші маусымда басталатын Конфедерация-2017 Кубогын көрсету құқығы сатып алынды», - делінген хабарламада.