18 қаз, 2018 сағат 14:29

Қазпошта кәсіпкерлерге арнап "E-commerce Meet UP" өткізді


16 қазан күні Астана қаласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазпошта» АҚ-ның ұйымдастыруымен Елорда тұрғындарына арналған «E-commerce Meet UP» өткізілді. Шараны өткізудегі басты көзделген мақсат еліміздегі электронды сауданы дамытып, маңызын жоғарылату. Осы салада жұмыс жасап жүрген немесе іске жаңа кірісіп отырған жеке кәсіпкерлерге онлайн сауданың мәні мен маңызы жайында айтылды.

«Қазпошта» АҚ электронды сауда департаментінің директоры Мұстафин Сұлтанның айтуынша, негізгі міндет электронды саудамен айналысатын серіктестерді іске шақыру, осы арқылы электронды сауда нарығын алға шығару. Бұл орталықта электронды саудамен айналысқысы келетін кәсіпкерге барлық жағдай жасалған.

«Біз бүгін e-commerce орталығындамыз. Бұл жалпы айтқанда интернет бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге қызмет көрсету бөлімшесі. Қазпошта әрдайым бұл жүйені логистика ретінде ұсынып отырды. Енді біз нақты бизнесті дамытуға бел будық. Яғни өзіміз емес, керісінше осы салада жұмыс жасауға құлшыныс білдіретін кәсіпкерлерді тарту арқылы. Дәлірек айтсам, өзгелерді тарту арқылы Қазақстандағы электронды сауданың өркендеуіне үлес қосу. Ол үшін электронды сауда қызықтыратын серіктестерді шақырып, осы орталықта оларға интернет-дүкендер, маркетинг пен сату бөлімімен таныстыратын жиындар ұйымдастырып отырамыз», – деді Мұстафин Сұлтан.

Сонымен қатар шарада аталған орталықтың білікті мамандары кәсіпкерлерді өз қызметтерімен таныстырып, тереңдетілген кеңес алуға шақырды. Олардың ішінде интернетте жарнамалау, маркетинг, тауарды жеткізу бойынша фулфилмент, CRM жүйесі бойынша мамандар қатысты.

«E-commerce орталығының жұмысы кәсіпкерлерге бағытталған. Біз сіздерге келесі қызметтерді ұсынамыз: интернет маркетингті басқару, аутсорсинг бухгалтері, CRM жүйесі, сату бөлімі, онлайн сату бойынша өз сайтын құру. Сізге ыңғайлы болу үшін көрші залда мамандар отырады және олар сізге кеңес беруге дайын», – деп атап өтті Астана қаласы бойынша E-commerce жобасының жетекшісі Дүйсенбаев Еркебұлан.  

Meet UP-та электронды саудадағы кәсіпкерлерді қызықтыратын трендтер жайында да айтылды.

Спикерлер интернет маркетингке салыстырмалы талдау жасап, негізгі ұғымдарымен таныстырды. Сондай-ақ landing page бойынша мәліметтер айтылды. Одан әрі интернетте тауарларды сату қызметі бойынша, тиімді online сату құралдарымен таныстырып, таргеттік жарнамаларының қыр-сырын ашып, болашақ серіктестеріне пайдалы ақпарат пен кеңестерін айтты.

Сондай-ақ, семинар барысында e-commerce орталығының атқарушы директоры Нұрлыхан Хамзат тілшілерге берген сұхбатында интернет-сауданы бастағандағы алғашқы тәжірибелерімен бөлісті.

«Алғашында біз шағын ғана кеңсе ашып, жұмысымызды бастағанбыз. Ең алғашқы тауарымыз кәдімгі көкөніс кескіш құрал болды. Сырт көзге оғаш естілетін болар, бірақ біз интернет-сауданы дәл осылай 8 наурыздың алдында бастадық. Ең алғашқы күннің өзінде бідің тауарға 200 адам қызығушылық білдіріп, тапсырыс берді. Ал бізде бар жоғы 50 көкөніс кескіш құрал болатын. Одан әрі жұмысымызды жалғастырып басқа да тауарларды тікелей зауытқа тапсырыс беру арқылы сата бастадық. Барлығын өзіміз жарнамалап, сатып және тауарды сатып алушыға жеткізіп отырдық», – деді Нұрлыхан Хамзат.

Айта кетелік, «Қазпошта» АҚ мұндай шараны әр айда өткізіп тұрады. Осы жолы электронды саудаға қызығушылық танытып, шараға қатысқандар саны 100-ден асты. Бұл дегеніміз онлайн-саудаға халықтың күн артып қызығушылық танытып келуінің көрсеткіші.

Қалидолла Әйгерім