04 мау, 2020 сағат 20:12

«ҚазМұнайГаздың» бес жылғы шығынын оңтайландырудан 730 млрд теңге үнемделеді

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев алдағы бес жылда компанияның шығындары оңтайландырылып, 730 млрд теңге үнемделетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қауіпсіздік кеңесінің соңғы отырысында жаһандық қауіптің айналасындағы жағдай алаңдатарлық сценариймен өрбіп бара жатқанын атап өткен едіңіз. Біз қазіргі таңда әлемдік қаржы нарықтары коронадағдарыс салдарын қаншалықты ауыр өткеріп жатқанын бақылап отырмыз. Мұнай бағасы тым төмендеп кеткен жағдайлар да тіркелді. Акциялардың котировкасы да айтарлықтай төмендеп кетті. ВР, Shell, Exxon Mobil қатарлы мұнай-газ менеджерлерінің бәрінің де табысы төмендеді. Кейбірі тіпті шығынға батты», - деді Алик Айдарбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» кеңесінің отырысында. 

Оның айтуынша осындай жағдайға жауап ретінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы бірқатар шұғыл шара қабылдаған. 

«Біріншіден біз дағдарысқа қарсы стратегия тұжырымдамасын әзірледік. Ол біздің жұмысымыздың негізгі үш бағытын қамтиды. Біріншісі – қаржы саласы. Яғни «ҚазМұнайГазға» келіп жатқан қаржы ағымын арттырып, қарыз жүктемесін басқару ісіне назар аударылады. Екіншісі – операциялық жұмыстар. Шығынға батпау үшін өндірістің оңтайлы деңгейіне маңыз беріледі. Үшіншісі – дағдарыстан кейінгі даму, активтер портфелін қайта құрылымдау. Бұл дағдарысты іске асырудың алғашқы қадамы ретінде құрылымды оңтайландырып, орталық аппараттағы кадрлар санын қысқарту, сонымен қатар компания басшылығының айлығын азайту жұмысы таңдалды. Артынша компаниялар тобы бойынша шығындарлы қысқарта бастадық. Осылайша жалпы шығындар 2020 жыл бойынша 146 млрд теңгеге дейін қысқартылды. Алдағы бес жылда осы ізбен 730 млрд теңгені үнемдегіміз келеді. Бұл жұмыс жалғасады. Оңтайландыратын резерв әлі де бар деген ойдамыз», - деді Алик Айдарбаев.

«ҚазМұнайГаз» басшысы оңтайландырудың қағидатына жұмыс орындарын қысқарту да қосылатынын айтып өтті.